"Жүр, саған сақина беремін": Ақтөбеде бойжеткен аулада ойнап жүрген қызды ұрлап кетпек болды
Ақтөбеде аулада ойнап жүрген кішкентай қызды алдап алып кетпек болды деген күдікпен бойжеткен ұсталды. Полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Ақтөбе қаласында кішкентай қыз баланы белгісіз бойжеткен алып кетпек болды деген ақпарат тарады. Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Диапазон басылымы жазды.
Оқиға тұрғындарды алаңдатты
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жағдай күндіз Есет батыр ауданындағы (бұрынғы Нұр-Сити) 2-ықшамаудан, 23-үйдің ауласында болған.
Олардың сөзінше, аулада ойнап жүрген кішкентай қызды бейтаныс бойжеткен өзімен бірге жүруге үгіттеген.
Ол балаға “Жүр, саған сақина беремін” деп алдап шақырған. Сонымен қатар құлағында сырғасы бар-жоғын сұраған. Бала барғысы келмегенімен, қыз оны көндіруге тырысқан. Ыңғайлы сәт туғанда бала қашып кетіп, жақын маңдағы дүкенге тығылған, – дейді тұрғындар.
Айтуларынша, бұл сәт жақын маңдағы “Нұрдәулет” дүкенінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Тұрғындар камера мәселесін көтерді
Оқиғадан кейін тұрғындар ауладағы бейнекамералардың жұмыс істемейтініне наразылық білдірді.
Үй ауласындағы камералар істемейді. Балалардың қауіпсіздігі үшін оларды неге жөндемеске? – дейді олар.
Полиция күдіктіні ұстады
Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру басталғанын мәлімдеді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бойжеткеннің жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оның қатысуымен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданады, – деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, Ақтауда көшеде кішкентай қыздың алтын сырғасын шешіп алған әйел ұсталған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram