Ақтөбе облысында бір ауылды құм басып жатыр
Ақтөбе облысындағы Жылтыр ауылын құм басып барады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жылтыр ауылы — Ақтөбе облысы Шалқар ауданында қарасты елді мекен. Мұнда 100-ден астам түтін бар. Елді мекенде орта мектеп, балабақша, клуб, дәрігерлік амбулатория бар.
Мұндағы ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Қарапайым ғана ауыл тұрмысқа қажетті ауызсумен, көгілдір отынмен, интернет және байланыс желісімен қамтылған.
Өз көзімізбен көргендей, ауылдың шетін құм басып қалған. Тіпті, елді мекен шетінде орналасқан ауылдық клубтың арты құмнан тау болып үйіліп тұр. Тұрғындар қазір баспаналарын құм басса, үй-күйсіз қалудан қорқады.
Елді мекен тұрғыны Лена Бекжан осы ауылда он жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, ауылды құм басу қаупі осыдан 5 жыл бұрын басталған.
Міне, 5 жылдан бері құммен алысып келе жатырмыз. Осыдан 2-3 жыл бұрын мал бағатын қорамызды басты, сосын сарайымыз бен моншамызды құм басып, құлап қалды. Тіпті, қазір ауылымызда өмір сүру мүмкін емес. Таңнан кешке дейін құм борап, жайған құртымызды, кептірген кірімізді басып қалады. Күн ұзаққа құмнан көз ашпаймыз, — дейді ауыл тұрғыны.
Көп жыл ауылдағы орта мектепте даярлық тобына сабақ берген ардагер-ұстаз қазір мал бағып, үй шаруасымен айналысады. Жолдасы екеуі жеке қожалық та ашып алыпты. Қазір оның шаруасымен отбасы болып айналысады. Қолында ұлы-келіні тұрады екен.
Жолдасым бүгінге дейін ағаш егіп, құмнан сақтанудың жолын жасады. Тіпті, ауыл тұрғындары болып орман шаруашылығынан ағаш көшеттерін сатып алып, отырғыздық. Қоршау да орнаттық. Бірақ одан нәтиже жоқ. Қанша қоршау жасасақ та құм азаймай тұр. Осыған дейін ауылға келетін құмды азайту үшін талай мекеме тендер ұтып алып, қоршау жасады, одан түк пайда болған жоқ. Екі жылдан бері, тіпті, құмға көміліп жатырмыз, — дейді Лена Бекжан.
Оның айтуынша, бұған дейін Шалқар ауылдық округінің әкімдігі үйлерін құм басқан ауыл тұрғындарының көшесін құмнан тазарту үшін техникалар алдыртқан. Алайда одан нәтиже болмаған. Себебі құмды ауыл шетіне тасығанмен, ол жел болса қайта көшелер мен үйлерді басып тастайды.
Жуырда жұмыс сапарымен Жылтыр ауылына барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жүргізілетінін айтып сендіріпті.
Балалар аяқ киімі құм болып, мектепке әрең барады. Мал күтіп алып, шығару да оңай емес. Осының барлығын біз облыс әкіміне жеткіздік. Ол кісі проблеманы шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Ал аудан әкімі осыдан 20 күн бұрын баспанасын құм басып жатқан тұрғындарға техника беріп, бірқатар тазарту жұмыстарын жүргізуге уәде берген. Бірақ әлі ауылымызға техника келмеді, — дейді кейіпкеріміз.
Біз осы мәселеге қатысты Шалқар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бек Тілеулесовтен мән-жайды сұрап едік, ол былай деп жауап берді:
Ауылымызға келіп жатқан құм — көшпелі құм. Қанша жылдан бері ағаш егіп, құмның бетін қайтаруға бар күшімізді салып жатырмыз. Жыл сайын ауыл сыртын қоршап, оған сексеуіл, қарағаш, жиде, үйеңкі, тағы басқа ағаш көшеттерін егеміз. Алайда қазір ауылда талдарды суару проблема болып отыр. Біз облыс әкімінен де, аудан әкімінен де көмек сұрадық. Кешегі келгенінде облыс әкімі тапсырма беріп кетті, бюджеттен қаржы қарастырылатынын, мүмкіндігіне қарай құмды тасу керектігін айтып, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Дегенмен бұл көмек нақты қашан берілетінін білмейміз.
Оның айтуынша, қазір Жылтыр ауылында 105 үй болса, оның ішінде оннан астам үйді құм басып қалған. Былтыр жергілікті бюджеттен 20 гектар жерге қоршау жасауға қаржы бөлінген. Алайда биыл сол қоршауды көшпелі құм қайта басыпты. Ал су болмаған соң егілген ағаш көшеттері дұрыс өспей қалған. Бір жағынан құрғақшылық та қиындық тудырып тұр.
Жылтырдың табиғаты бұрыннан осындай. Жылтырдан басқа Жаңақоныс, Шалқар, Бозой ауылдық округінде де осындай мәселе бар. Біз барынша басшылардан көмек сұрап жатырмыз. Қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Тіпті Сенат депутаттарына да сауал жолдадық. Проблеманың шешілетінін-шешілмейтінін айта алмаймын, — дейді Бек Тілеулесов.
Биыл да жылтырлықтар округ әкімдігімен бірлесіп ағаш егіп, қоршау тұрғызыпты. Қазір Жылтыр ауылының төрт жағында да қоршау бар. Алайда қоршау құмның кіруіне тосқауыл болмай тұр. Егілген көшеттердің биіктігі тізеден аспайды. Су мәселесі шешілмесе, оларды суару, күтіп-баптау да тұрғындарға қиынға соғары анық.
Ауласында техникасы, қолында қаржысы жоқ қарапайым тұрғындар енді не істерін білмей дал. Олардың ендігі бар үміті облыс әкімдігінің осы проблеманы шешуге атсалысуы. Алайда сұрап білгеніміздей қазіргі таңда облыс әкімдігі бұған қаржы қарастырмаған. Жылтырды құмнан кім қорғайды, ол жағы белгісіз болып тұр...