Ақтөбе облысында 8206 түлек мектеп бітіреді

Биыл Ақтөбе облысында 8206 түлек орта мектепті бітіреді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының берген деректеріне сүйенсек, бүгінде өңірде 404 орта, 14 жеке, екі кешкі және 4 арнаулы мектеп бар. Сондай-ақ бір спорт мектебі жұмыс жасайды. Аталған оқу орындарында биыл жалпы саны 8206 түлек орта білім алып шығады. 16 мамырдан бастап мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік емтихан тапсырады. Ал оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Мемлекеттік емтихан тапсырған түлектер 19 маусымда орта білім алғаны жөнінде аттестат алады.

«Алтын белгіні» қанша үміткер қорғайды?

Биыл 8 мыңнан астам түлектің ішінде 519-ы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Сондай-ақ 14 776 оқушы 9-сыныпты үздік аттестатпен аяқтау үшін емтихан тапсыратын болады. Жалпы жылдан-жылға облысымызда оқуды үздік бітіріп, ұстаздары мен мектептің мақтанышы атанған түлектеріміздің қатары көбейіп келеді. Мәселен, облыс бойынша халықаралық, республикалық деңгейде жарыстар мен байқауларға қатысып, жеңімпаз болған, соның арқасында грантқа оқуға түскен оқушыларымыз көп. Биыл да осындай жетістікке жеткен білімді, алғыр түлектеріміз жетерлік, — дейді аталған басқарманың бөлім басшысы Дина Нұркенқызы.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысы бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 70-тен астам оқушы қатысты. Олардың арасында 8 оқушы — алтын, 9 оқушы — күміс, 15 оқушы қола медалін алды. Сондай-ақ бес бала арнайы Мақтау қағазына ие болды.

Басқарма мамандарының айтуынша, өткен аптада өңірдегі дарынды оқушылармен басқосуда осы республикалық олимпиадада жеңіске жеткен оқушыларға сый-құрмет көрсетіліпті.

Елімізде 2020 жылдан бастап 14-29 жас аралығындағы жастарға қоғамдық өмірге, білім мен өнерге сүбелі үлес қосқаны үшін «Елбасы» медалі тапсырылады. Биыл да біздің облыста бұл шара жалғасын тапты. Атап айтсақ, үш жыл ішінде Ақтөбе облысы бойынша жалпы саны 2800 жас «Елбасы» медалін алды. Кешегі басқосуда да біз бір топ білім алушыға осы медальді табыс еттік. Сондай-ақ марапаттау рәсімінде облыс бойынша 230 жүлдегерді Ақтөбе қалалық білім бөлімі және 115 жүлдегерді 12 ауданның әкімдері марапаттады. Бұл шара жыл сайын жалғасатын болады, — дейді бөлім басшысы.

Дина Нұркенқызының айтуынша, биылғы оқу жылында облыстағы қанша түлектің «Алтын белгіні» сәтті қорғап шығатыны әзірге белгісіз. Дегенмен ұстаздар қауымы үздіктер қатарындағы оқушыларынан үлкен үміт күтері сөзсіз.

Қалзия Қалыбаева — осындай мұғалімдері мен ата-анасы зор үміт күтіп отырған түлектердің бірі. Биыл ол Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылындағы Б.Сүлейменов атындағы орта мектепті аяқтайды.

Ауылда өссе де, жан-жақты, білімді жас қазір «Алтын белгісін» қорғау үшін емтиханға қызу дайындалып жүргенін айтады.

Отбасымызда бес баланың үлкенімін. Қазір емтиханға дайындалып жатырмын. Биыл мектебімізде мемлекеттік емтихандар 5 маусымда басталады. Онда қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика, орыс тілі, биология пәндерінен сынақ тапсырамын. Болашақта дәрігер болуды армандаймын. Ақ халатты абзал жан ретінде адамдарды дертінен айықтырып, оларға қол ұшын берсем деймін. Осы мақсатпен биыл Ақтөбе, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарына құжат тапсыруды жоспарлап отырмын. Арманым орындалса, атақты, абыройлы дәрігер болғым келеді, — дейді жас түлек.

Б.Сүлейменов атындағы орта мектептің мақтанышы болған Қалзия 9-11 сыныптарда оқып жүргенде көптеген республикалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған. Атап айтсақ, ол өткен жылы пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде Қазақстан тарихы пәнінен жүлделі ІІ орынды иеленсе, 2021 жылы «Ер Едіге» эпосын жатқа айтудан өткен облыстық байқауда арнайы Алғыс хатпен марапатталған. Бұдан бөлек, Қалзия сурет салудан да бірнеше байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Оның салған суреттері көрмелерге қойылған. Жас болса да жан-жақты, алғыр қыз алдағы уақытта ел игілігіне қызмет ететін маман болып шығуды қалайды.

1-сыныпқа 11 мың оқушы қабылданды

Биылғы оқу жылында Ақтөбе облысында 7602 бала балабақшамен қоштасады. Яғни, 2023-2024 оқу жылында олардың барлығы мектеп табалдырығын аттайды. Қазір өңірде 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау өтіп жатыр.

Облыста 1 сәуірден бері білім беру ұйымдарына 1-сыныптың оқушылары қабылданып жатыр. Мектептер оқушылардың оқуға деген дайындық деңгейіне қарамастан, алты жастағы және алдағы уақытта алты жасқа толатын балаларды 1-сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Қазір құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелері «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылуда. Оқушыларды мектепке беруге арналған өтініштерді өңдеу автоматтандырылған mektep.akt.kz және e-aktobe.kz порталдары арқылы іске асырылмақ. Бүгінде бұл ақпараттық жүйелерде өтініштерді тапсыруда ешқандай мәселе жоқ, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

2023-2024 оқу жылында облыс бойынша жалпы саны 18-19 мың бала 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарлануда. Әзірге олардың 11 мыңнан астамы ғана өтініш берген.

Оның ішінде 8500-ден астамы қазақ тілінде білім алғысы келетінін жеткізген.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биыл Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында 1-сыныпқа баратын оқушылардың саны үш есеге көп болып отыр. Соның салдарынан осы аудан аумағында орналасқан екі мектепте орын тапшылығы туындаған.

Қазір бұл мәселені шешу үшін біз ата-аналарға балаларын қаладағы №1 орта мектеп пен Бәйішев атындағы мектеп-лицейіне апаруды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ алдағы уақытта осы мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында «Батыс-2» шағын ауданында жалпы сыйымдылығы 6900 орын болатын 4 мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Егер осы білім ошақтары биыл, келер жылы салынса, тұрғылықты жердің балалары көп ұзамай жақын маңдағы мектептерде оқи алады. Қазір аталған ауданға қоныс аударып жатқандардың саны артуда. Сол себепті осындай проблема туындап отырған жайы бар, — дейді ол.

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, өткен жылы облыста 2750 орындық мектепке дейінгі 26 ұйымды пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде жоспар 100 пайыз толығымен орындалып отыр. Бұл — алдағы уақытта балалардың мектепке дейінгі біліммен, тәрбиемен қамтамасыз етілуіне жасалып отырған жағдай.

Осы тұста айта кету керек, қазір Ақтөбе облысында балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 2 жастан 6 жасқа дейін 93 пайызды, ал 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайызды құрап отыр. Бүгінде 8 мыңға жуық бала мектепке дейінгі ұйымдарға бару үшін кезекте тұр.

Ережеге сәйкес елімізде балалар балабақшаларға үш жастан, бөбекжай-бақшаларға екі жастан бастап қабылданады. Қазір өңірімізде 186 балабақша, 231 бөбекжай-бақша, 4 арнайы балабақша, 155 шағын орталық және бес санаториялық бөбекжай-бақша жұмыс істейді. Оларға кезекте тұрған балалар рет-ретпен орналастырылады, — дейді Бертілеуова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы