Ақтөбе облысында 5200-ге жуық ерікті бар

Бүгінде Ақтөбе облысында 5200-ге жуық ерікті бар, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда өткен халықаралық еріктілер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде волонтерлік қозғалысты дамыту керектігін, бұл қызметте жүрген азаматтардың ісі нағыз отаншылдықтың жарқын көрінісі екенін айтқан болатын. Осы орайда қазір Ақтөбе облысында еріктілердің жұмысын жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, қазіргі таңда өңірде 170 ерікті тобы бар. Олардың құрамындағы волонтерлердің саны — 5200-ге жуық.

Облыстағы волонтерлер әр түрлі бағытта жұмыстар атқарады. Олардың көпшілігі студенттер мен оқушылар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар да бар. Жыл басынан бері өңірімізде волонтерлердің қатысуымен 200-ге жуық шара өтті. Мәселен, биыл «Қайырымды істер» марафонында жастарымыз 100-ге жуық жалғызбасты қарияға қамқорлық көрсетіп, олардың аулаларынан қар шығарып, үйлерін әктеп, тазалық жұмыстарына көмектесті. Ал бауырлас Түркия елінде болған табиғи апаттан зардап шеккен жандарға арнап гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Ұлттық Волонтерлар желісі әр өңір бойынша бекітілген мекенжайларға ерікті жандардың көмегімен гуманитарлық көмек жинады. Ақтөбе қаласы бойынша үш гуманитарлық көмек жинайтын пункт жұмыс жасады. Сондай-ақ «Birgemiz Qamqor» бағыты бойынша еріктілер жалғызбасты қарттарға мерекелерде азық-түлік себеттерін таратты, — дейді ол.

Ақтөбелік еріктілердің арасында қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, оларды қолөнерге баулып жүргендер де бар. Мәселен, өткен жылы облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында волонтерлік бағыты бойынша грантқа ие болған 27 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Әмина Жылқыбаева үй жағдайында шағын тігін шеберханасын ашып, қазір жалғызбасты және көп балалы әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға құрақ көрпе, бесік жасауын, әр түрлі жастықтар мен көрпелер тігуге үйретіп, тегін шеберлік сағаттарын өткізіп жүр.

Орталық басшысының айтуынша, 20 адам белсенді жастың шеберлік сағаттарына қатысып, оқудан өткен. Сондай-ақ бүгінге дейін «Жас сақшы» жастар жасағы қалалық полиция бөлімшелерінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларымен бірлесе 50-ге жуық түнгі рейд ұйымдастырған.

Рейдтік жұмыстарды ұйымдастырудағы басты мақсат — кәмелет жасқа толмаған жастардың түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз қала көшелерінде және ойын-сауық орталықтарында жүрмеуін қадағалау. Одан бөлек еріктілер «Есірткісіз Қазақстан» жобасы аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында қала көшелерінде есірткі саудасын жарнамалайтын 33 жазуды өшіру жұмыстарын құзырлы мекеменің рұқсатымен жүргізді. Ал қасиетті Рамазан айында «Жұбанов жылуы» волонтерлер қозғалысы «Нұр Ғасыр» мешітінде 60 адамға ауызашар және жатақханадағы студенттерге арнап ауызашар ұйымдастырды, — дейді Мусин.

Оның айтуынша, қазір еріктілердің қатарына қосылуға ниетті жастар көп. Жалпы қазір елімізде еріктілер тобы жыл өткен сайын артып келеді. Бұл орайда ақтөбелік еріктілер тобы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып, өздерін тек жақсы жағынан ғана көрсетуге тырысуда.

Елімізде 2020 жыл — Волонтерлер жылы бүкіл азаматтық қоғам үшін өсудің қозғаушы күші болды. Осы кезеңнен бастап елімізде жастардың көптеген бастамалары жүзеге асырылып, пандемияға қарамастан қайырымдылық шаралар көптеп ұйымдастырылды. Содан бері басталған нәтижелі жұмыстар қазір де облысымызда жалғасып жатыр және біз оларды үнемі бақылауда ұстаймыз. Дегенмен волонтерлік – тек еріктілердің қызметі мен көмегі емес, нақты азаматтық қызмет, өзің өмір сүретін ортаңа, адамдарға, қамқор болу, — дейді ол.

Айта кету керек, бүгінде елімізде 700-ге жуық волонтерлік ұйым бар. Олардың құрамындағы еріктілердің саны — 200 мың. Қазір барлық аймақта фронт-кеңселер жұмыс істейді. Ал ерікті боламын деушілерге қазір ешқандай кедергі жоқ.

Жуырда Астанада өткен халықаралық форумға ақтөбелік еріктілер де қатысып келді. Солардың бірі — ерікті жас Бахтияр Баймахан. Ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің 6-курс студенті, «Медик Волонтер» еріктілер тобының мүшесі. Бұл топ облыс көлемінде медициналық бағытта қызмет көрсетеді.

Жуырда Астанада өткен волонтерлер форумына қатысып келдім. Оған шет елдерден, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен белсенді еріктілер қатысты. Бұл форумға Ақтөбе облысынан 4 ерікті бардық. Біз осы шарада спикерлердің айтқан кеңестерін, волонтерлік жобаны жүзеге асыруға түрлі идеялар алып қайттық. Біздің оқу орнында 250-ге жуық студент бар. Мен бұрын топ жетекшісі болып қызмет атқардым. Біз медицмна мамандары болған соң қарияларға, мұқтаж жандарға көмек көрсетеміз. Атап айтсақ, қан қысымын өлшеп, қандағы қанттың мөлшерін анықтаймыз, иньекция жасаймыз, көптеген ауруларға профлоктикалық шаралар жүргіземіз. Тұрғындарға медициналық көмек беріп, қолдау көрсетеміз. Егер облыста волнтерлік қызмет әр бағыт бойынша жұмыс жасаса онда бұл сала ерекше дамиды, — дейді Бахтияр.

Бахтияр сияқты облыста ерікті ретінде танылып үлгерген жастардың бірі — Айзада Балмағамбетова. Ол алғаш рет волонтерлік қызметті «Рақым» еріктілер тобында жұмыс жасаудан бастаған. Бүгінде ол «Фонд помощи продуктовая корзина» қайырымдылық қорының негізін қалап, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп отыр. Бұл қор негізінен сауда орталықтарында орнатылған киім-кешектерді қабылдайтын жәшіктерге түсетін заттармен толықтырылады. Қораптарға күніне орта есеппен 5-6 тонна киім, ойыншық, аяқ киім жиналады екен.

Бірде мен есептеп отырып, жылына орта есеппен 3840 отбасы әлеуметтік дүкеннен киінетінін білдім. Ал бес жыл ішінде «Рахым» қоры Ақтөбе қаласы мен қала маңындағы аудандардағы 20 мыңнан астам отбасына көмек көрсетті. Сондай-ақ биыл жаңа жылды қарсы алу кешінде біз қайырымдылық шаралары мен концерттер өткізіліп, мұқтаж отбасылардан шыққан 850 баланы құттықтадық. 40 отбасына демеушілердің қолдауымен 3,5 миллион теңгеге сыйлықтар сатып алынды. Олардың қатарында теледидарлар, шаңсорғыштар, радиоойыншықтар, арбалар, велосипедтер, скутерлер, телефондар, планшеттер бар. Бұдан бөлек төрт отбасы есепшотына 200 мың теңгеден қаржы аударылды. Ал жақында өткен Халықаралық балаларды қорғау күнінде мың балаға балмұздақ әперіп, мерекеде балапандардың көңілін көтердік, — дейді Айзада.

Кейіпкеріміз қазір облыста баспанасыз жүрген жандарға көмектесу үшін «Happy home» жобасын қолға алған. Оның басты мақсаты — қала әкімдігінің қолдауымен үйі жоқ азаматтарға көмектесу. Бұл орайда ол алдағы уақытта баспанасыз тұрғындарға тегін жатақхана ашқысы келеді. Әзірге бұл жобаны жүзеге асыру үшін көп қаржы керек.

Айзада сондай-ақ Түркияда болған зілзала кезінде де облыс тұрғындарынан гуманитарлық көмек жинап, бауырлас елдің халқына екі көлік киім-кешек, аяқ киімдер, тұрмыстық заттар жіберген. Оның волонтерлік қызметтегі еңбегі ескеріліп, былтыр Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталған.

Ақтөбе облысында бүгінде 170 еріктілер тобы жұмыс жасайды. Соның бірі — «Райян» еріктілер тобы. Бұл топ бүгінге дейін үш жыл қатарынан Ақтөбе облысында «Ең үздік волонтерлік топ» атағына ие болған. Топ мүшелері ай сайын Балалар үйіне, Қарттар үйіне, Аналар үйіне қолдау көрсетіп, көмек береді.

Топ жетекшісі Арай Бижанованың айтуынша, топ мүшелері қайырымдылық бағыты бойынша Ақтөбе облысындағы барлық аудандарда «Сауапқа бір қадам» концерттік бағдарламасын ұйымдастырып, 100 отбасына азық-түлік таратқан. Сондай-ақ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» жобасы аясында ай сайын қарияларға көмек беріп отырады.

Менің осы қызметте жүргеніме он жыл болды. Биыл «Мейірімді жүрек» жобасы аясында топ мүшелері болып, барлық облыс бойынша балалар үйіне барып, кішкентайларға сый-сияпаттар жасадық. Сондай-ақ қазір көмекке мұқтаж жандарға да қол ұшын берудеміз. Осы қызметтегі еңбегіміз ескеріліп, облыста екі жыл қатарынан «Ең үздік волонтерлік топ» атағын алдық. Жалпы волонтер болу — бұл көмек көрсетуге құштар болу, жанашыр болу, қарияларға, балаларға қамқорлық көрсету. Бұл жерде басты дүние қаржы немесе сыйлық емес, ең бастысы, көңіл мен мейірімділік, — дейді Арай Бижанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы