31 Тамыз 2026, 14:32 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ақтаудағы катер апаты: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Дәрігерлер Ақтаудағы катер жартасқа соғылған кезде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зардап шеккендердің жағдайы қалай?

Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті. Олар Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.

1988, 2002 және 1964 жылы туған ер адамдар түрлі жарақаттар алып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында, жағдайлары ауыр деп бағалануда.

«1985 жылы туған тағы бір зардап шеккен адам травматология бөлімінде жатыр. Оның жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалап отыр», – делінген ведомствоның редакция сауалына берген жауабында.

1996 жылы туған бесінші науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Не болды?

Бұған дейін Ақтау маңындағы Каспий теңізі акваториясында катері жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат 30 тамыз күні кешке сағат 22:56-да түскен. Қайғылы жағдай 5А шағынауданы аумағында болды.

Катер бортында жеті адам болған.