Ақтаудағы газ баллоны жарылысы: бір адам жансақтау бөлімінде жатыр
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Ақтаудағы тұрғын үйдің жертөлесінде болған газ жарылысы кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, медициналық мекемелерге бес адам жеткізілген – екеуі ересек, үшеуі бала.
1973 жылы туған ер адам ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған. Ол бет, мойын, кеуде, екі қол, екі аяқ және арқа аймағынан 3-АБ дәрежелі термиялық күйік алған. Денесінің 50-55%-ы күйген, оның 20%-ы – терең күйік. Сондай-ақ көздің қасаң қабығы да күйіп қалған.
2003 жылы туған екінші ер адамға бет жарасына алғашқы хирургиялық өңдеу жасалып, ол үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген.
Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына үш бала түскен.
15 жастағы қыз бала көмірқышқыл газынан уланған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы орташа ауырлықта, есі анық, педиатриялық бөлімшеге жатқызылған.
10 жастағы қыз бала да осындай диагнозбен түскен, алайда оның анасы ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
7 жастағы ұл бала да көмірқышқыл газынан уланған, дәрігерлер қарағаннан кейін оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне жіберілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтаудағы тұрғын үйдің жертөлесінде газ-ауа қоспасы жарылып, кейін өрт шыққан болатын.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс толқынынан жертөле мен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезелері сынған, көршілес құрылыс нысанының тас дуалы ішінара қираған, сондай-ақ бірнеше автокөлікке зақым келген.