Ақтауда су басқан көшеде көлігінің үстіне шығып, балық аулаған жігіт үш бап бойынша жазаланды
Ерекше әрекетімен көзге түскен 24 жастағы жүргізуші бірнеше заңбұзушылыққа жол берген. Сот оған 86,5 мың теңге айыппұл салды.
Ақтауда жүргізуші қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Polisia.kz дерегінше, 7 қараша күні Ақтау қаласындағы 17 және 18А шағынаудандары арасындағы автожолда, «Халық Арена» спорт мектебінің маңында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу дерегін анықтады.
Тексеру барысында Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған 24 жастағы жүргізушінің бірқатар әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 434-баптың 1-бөлігі – ұсақ бұзақылық, 612-баптың 2-бөлігі – көлікті басқару құқығы жоқ адамның көлік басқаруы, 590-баптың 9-бөлігі – міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлікті басқару.
Автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша сот шешімімен құқық бұзушыға 86 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір азамат үшін міндетті екенін ескертеді. Кез келген заңға қайшы әрекет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске сала кетейік, баласының дүниеге келуін отшашумен атап өткен 35 жастағы астаналық бес тәулікке қамалды. Түнгі отшашу тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Тағы оқи отырыңыз: 15 метр тереңдікке дейін қазған: Абай облысында заңсыз алтын өндірушілер ұсталды
«Жоғары табысқа кенелесіз»: Ақтөбеде ерлі-зайыпты 8 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды