8 Қыркүйек 2026, 11:52 Фото: Маңғыстау облысы Полиция департаменті

Ақтауда бірнеше ай бойы ақша талап еткен ер адам ұсталды: Көлігінен ақша табылды

Күдікті жәбірленушіден 200 мың теңге талап еткен. Жедел операция кезінде ол қолға түсті. Полиция көлігінен ақша тәркіледі.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы жасақ жауынгерлерімен бірлесіп, бопсалау күдігімен ер адамды ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті бірнеше ай бойы күш қолданып, жәбірленушіден 200 мың теңге талап еткен.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті Ақтау қаласындағы бизнес-орталықтардың бірінің маңында ұсталды. Автокөлікті тексеру кезінде полицейлер жедел іс-шаралар аясында бұған дейін берілген 100 мың теңгені тауып, тәркіледі, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы – «Бопсалау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу жалғасуда.

Бұған дейін Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан жеті күдікті ұсталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, 17 шілде күні күдіктілер ойдан шығарылған қарызды қайтару сылтауымен жәбірленушіге күш қолданып, оны несие рәсімдеуге және депозиттік шотынан ақша шешіп беруге мәжбүрлеген. Осылайша олар заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденіп, жәбірленушіге елеулі материалдық шығын келтірген.

Тағы оқи отырыңыз: "Видео жариялаймыз": Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталды