Бүгiн 2026, 14:31 Фото: instagram.com/07_xaan/

Ақтауда әйелін балағаттап, қорғау нұсқамасын бұзған "Хан Тамада" қамауға алынды

Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін сот 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Ақтауда "Хан Тамада" лақап атымен танымал болған белгілі шоумен Қасым Өтешов тағы да назарға ілікті. Оның он тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.
 
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны үшін оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (Ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзу).
 
Белгілі болғандай, мамыр айында ол Ақтау қаласы, 15 шағын ауданы, 18 үйде өзінің азаматтық некедегі әйелінің ар-намысына тиетін былапыт сөздер айтып, отбасылық жанжал шығарып, ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын қасақана бұзған.  
Сот отырысында ол кінәсін мойындамай, әйеліне қатысты қандай да бір құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасамағаны жөнінде түсініктемесін берді. Ал әйелі болған оқиғаны растап, құқық бұзушыға заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды сұрады. Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куә ретінде жауап берген Д. түсініктемесімен дәлелденді. Сот қаулысымен ол ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалған, - деп хабарлады Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген.
 
Еске салайық, бұған дейін танымал тамада мен жұбайының жеке видеосын таратып жіберген күдікті ұсталды