«Ақшамды қайтара аламын деп үміттенбедім»: Алаяққа алданған әйелдің қаржысы қайтарылды
Түркияда тұратын қазақстандық Telegram арқылы алаяққа тап болған. 300 мың теңгесін қайтаруға полиция қызметкерінің көмегі сеп болды.
Түркияда тұрақты тұратын Қазақстан азаматы интернет-алаяқтардың құрбаны болып, шамамен 300 мың теңгесінен айырылған. Алайда CyberPol бөлімшесінің көмегімен ол қаражатын толық қайтарып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 5 тамызда болған. Әйел шамамен 300 мың теңгесін түрік лирасына айырбастауды жоспарлап, Telegram мессенджері арқылы көмек іздеген.
Осы сәтті пайдаланған алаяқ оның танысының суретін қолданып, сол адамның атынан жәбірленушімен хат алмасқан. Танысымен сөйлесіп отырғанына сенген әйел алаяқтың сөзіне еріп, ақшасын аударып жіберген.
Алданғанын түсінген соң жәбірленуші банкке жүгінген. Ол кезде ақшасын қайтара алатынына аса үміттенбеген.
Алайда қаржы ұйымы мен CyberPol бөлімшесінің өзара іс-қимылы нәтижесінде оның өтініші назардан тыс қалмады.
Жәбірленушімен Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының Киберқылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Молдаш Жақсыбаев байланысқа шыққан.
Полиция қызметкері әйелдің Қазақстаннан тыс жерде тұратынына қарамастан, оқиғаның мән-жайын мұқият зерделеп, әрі қарай қандай әрекет жасау керектігін түсіндірген. Сондай-ақ Telegram желісіндегі алаяқтың цифрлық іздерін дұрыс тіркеуге көмектескен.
Полиция қызметкерінің кәсіби көмегі мен нақты түсіндірулерінің арқасында жәбірленуші қажетті ақпараттарды жинап, нәтижесінде шамамен 300 мың теңге көлеміндегі қаражатын толық қайтарып алған.
Ақшамды қайтара аламын деп үміттенбедім. Полиция қызметкері мені мұқият тыңдап, жағдайды толық түсініп, не істеу керектігін нақты түсіндірді. Оның көмегі мен кәсіби кеңесінің арқасында қажетті деректерді дұрыс тіркеп, қаражатымды қайтарып алдым, – деді жәбірленуші.
Ол полиция қызметкерінің кәсібилігімен қатар, адамға деген жанашырлығы мен мұқият қарым-қатынасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстаннан тыс жерде жүрсе де, отандық полицияның көмегін сезіну маңызды болған.
Бұл жағдай интернет-алаяқтыққа тап болған кезде уақыт жоғалтпай банкке және полицияға жүгінудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Цифрлық іздерді дер кезінде тіркеу және жәбірленушінің дұрыс әрекет етуі қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді.
Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін таныс адамдардың аты-жөні мен фотосуреттерін жиі пайдаланады. Сондықтан мессенджер арқылы ақша аударуды сұраған жағдайда асықпау керек. Хабарламаның шынымен танысыңыздан келгеніне көз жеткізу үшін онымен өзіңіз білетін телефон нөмірі арқылы қайта байланысқан жөн, - деп ескертті полицейлер.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық