Бүгiн 2026, 10:18 Фото: AP/Scanpix

АҚШ тағы бір елде "наркотеррористерге" қарсы операция бастады

АҚШ Эквадорда "наркотеррористерге" қарсы әскери операция басталғанын жариялады.

АҚШ пен Эквадор қарулы күштері Эквадор аумағында Вашингтон "наркотеррористік" деп атайтын топтарға қарсы бірлескен операцияның басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Оңтүстік қолбасшылығының баспасөз хабарламасында айтылған.

Америкалық әскери қолбасшылықтың мәліметінше, бірлескен іс-қимылдар 3 наурызда басталған. Хабарламада Эквадор қарулы күштері операцияны АҚШ-тың қолдауымен жүргізіп жатқаны атап өтіледі.

Баспасөз хабарламасында операцияның АҚШ тарапы "наркотеррористік ұйымдар" санатына жатқызатын құрылымдарға қарсы бағытталғаны көрсетілген.

Операция Батыс жарты шар елдерінде ұзақ уақыт бойы террор, зорлық-зомбылық пен жемқорлықты өршітумен айналысқан наркотеррористерге қарсы шешімді күрес жүргізуге бағытталған, – делінген АҚШ Қарулы күштері Оңтүстік қолбасшылығының мәлімдемесінде.

Сонымен қатар хабарламада операцияның нақты мақсаттары, ауқымы мен ықтимал мерзімдері туралы егжей-тегжейлі ақпарат келтірілмеген. Сондай-ақ негізгі нысанаға алынған топтардың нақты қайсысы екені де нақтыланбаған.

Мәлімдемеде бұл әрекеттер АҚШ пен аймақтағы серіктес елдердің халықаралық есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі кең ауқымды ынтымақтастық стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылатыны ғана айтылған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 22-23 ақпанда Мексика әскері ірі операция жүргізіп, CJNG наркокартелінің басшысы Немесио "Эль Менчо" Осегера Сервантесті жойды. Бұл операцияны Мексиканың қарулы күштері жүргізген. Ал АҚШ барлау деректерімен және ақпаратпен көмектескен.  
 
Мексика билігінің мәліметінше, АҚШ-пен ынтымақтастық негізінен барлау алмасу деңгейінде болған, ал операцияның өзі мексикалық күштердің жауапкершілігінде өтті.
 
Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ Тынық мұхитында есірткі тасымалдаған кемеге соққы жасады.