АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық көз жұмған болуы мүмкін – СІМ
АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандықтың денесі табылған болуы мүмкін.
АҚШ-тың Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай көз жұмған болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Өкінішке қарай, дәл брифинг басталар алдында АҚШ-тағы әріптестерімізден жаңартылған ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзырлы органдарынан денесі табылған адамның Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені туралы мәлімет алғанын хабарлаймын, - деп атап өтті сыртқы саяси ведомство өкілі.
Айтуынша, қазіргі сәтте америкалық тарап қажетті рәсімдерді жүргізуде.
Біздің дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Оларға қажетті қолдау көрсетілуде. Америкалық тараптан ресми ақпарат түскен сайын қосымша мәлімет беріледі, - деді Ерлан Жетібаев.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде АҚШ-тың Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың жоғалып кеткені жайлы ақпарат тараған еді.