23 Шілде 2026, 19:37 Фото: TACC / EPA

АҚШ-та Николас Мадуроға қатысты сот отырысы өтетін күн белгілі болды

Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес сот алдында жауап береді.

Америка Құрама Штаттарындағы судья Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске қатысты сот процесінің өтетін күнін белгіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Сот отырысы өтетін күн

Сот отырысы 2027 жылдың 1 маусымына жоспарланды.

Венесуэла президенті мен бірінші ханымды 2026 жылдың 3 қаңтарында АҚШ арнайы жасағы ұстаған болатын. Операцияға АҚШ Қорғаныс министрлігінің «Дельта» элиталық бөлімшесінің сарбаздары тартылды.

Мадуроға қандай айып тағылды?

Николас Мадуроға бірнеше айып тағылды. Олар: есірткі терроризмі мақсатындағы сөз байласу, есірткі тасымалдау, «АҚШ-қа қарсы қолданылатын» қару-жарақты сақтау.

Егер сот Венесуэланың бұрынғы басшысын кінәлі деп тапса, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Силия Флорес іс бойынша сыбайлас ретінде өтіп жатыр. Мұның алдында екеуі де кінәні мойындаудан бас тартқан еді.

Адвокат талабы қандай?

Николас Мадуроның адвокаты бұрынғы президенттің суверенді мемлекет көшбасшысы ретіндегі иммунитетіне сүйене отырып, істі жабуды талап етпек.

Сот тараптардың өтінішхаттары бойынша тыңдауды 2026 жылдың 17 қарашасына белгіледі.

Бұған дейін қамаудағы Мадуро Венесуэла тұрғындарына ерекше үндеу жолдады.

Саясаткердің ұлы Николас Мадуро Герра әкесінің жолдауын  әлеуметтік желіде жариялады.

Онда Мадуро отандастарын «тауды да қозғалта алатын сенімнен» айырылмауға шақырып, елдің барлық қиындықты еңсеретініне сенім білдірген.

Мадуро-әкесі хат соңында өзіне тән қолтаңбасын да қалдырған. Түрмеден жолданған бұл үндеу Мадуроның АҚШ-та ұсталғаннан кейін халқына жасаған алғашқы үндеулерінің бірі саналады.

Еске салайық, 3 қаңтар күні АҚШ Боливар Венесуэла Республикасының басшысы  Николас Мадуроны ұстау бойынша арнайы операция жүргізген. Елден оның жұбайы Силия Флорес те шығарылған.

5 қаңтарда олар Нью-Йорктегі федералдық сот алдына есірткі саудасына қатысы бар деген айыппен жеткізілді. Мадуро мен оның жұбайы тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Қаңтар айында сотта Мадуро «Мен әлі де Венесуэла президентімін» деп мәлімдеме жасады.