АҚШ-та хоккей матчындағы атыс: Екі адам қаза тауып, үшеуі жараланды
Күдіктінің денесі де оқиға орнынан табылды.
АҚШ-тың Род-Айленд штатында мектептегі хоккей матчында атыс болып, екі адам қаза тапты. Сондай-ақ, үш адам жараланған, деп хабарлайды BAQ.KZ NBC News-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға жоғары сынып оқушылары арасындағы матч кезінде, «Dennis M. Lynch Arena» мұз айдынында болған.
Полиция атыс шығарған адамның кім екенін анықтады.
Мәлімет бойынша, күдікті аренаға өз отбасы мүшесінің ойынын тамашалауға келген. Оның кім екені анықталды. Ол 56 жастағы Роберт Дорган. Күдікті оқиға орнында атыс ұйымдастырып, одан кейін өзін-өзі атып өлтірген. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары шабуылдаушы мен құрбандар арасындағы байланысты зерттеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, бұл жоспарланған шабуыл болуы мүмкін. Себебі зардап шеккендер атқышты таныған, - деді жергілікті полиция.
Жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Ойын интернетте тікелей эфирде көрсетілгендіктен, қайғылы сәт бейнежазбаға түсіп қалған.
Кадрлардан алғашқы оқ дауысы шыққанда мінбедегі жұрттың шығу есігіне қарай қашқанын, ал қосалқы орындықтағы ойыншылардың тығылғанын көруге болады.
Мұздағы оқушылар да бастапқыда не болғанын түсінбей қалып, артынша айдыннан тез шығуға әрекеттенген.
Еске салайық, бұған дейін британдық Колумбия провинциясындағы Тамблер-Ридж қаласында мектепке болған атыс салдарынан 8 адам қаза тауып, 25-тен астам адам жараланған еді.