Доллар 520 теңге бола ма? – Экономист АҚШ пен Иран келісімінің әсерін түсіндірді
Экономистің пікірінше, мұнай бағасы барреліне 70 доллар шамасында тұрақталып, доллар бағамы жаз соңына қарай 510-520 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
АҚШ пен Иран арасында соғысты тоқтату туралы келісім жасалып, алдағы күндері оған ресми түрде қол қойылуы мүмкін. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі экономист Айбар Олжайдан келісімнің мұнай бағасына, теңге бағамына және Қазақстан экономикасына ықпалы туралы сұрады.
Экономистің айтуынша, әлемдік нарық бұл келісімді көптен күткен.
Нарық дәл осыны баяғыдан бері күткен еді. Бастысы - осы келісім аясында Ормұз бұғазын толық ашу. Егер алдағы бір ай немесе бір жарым ай ішінде танкерлер қозғалысы, сақтандыру жүйесі және мұнай жеткізу тізбегі толық қалпына келсе, мұнай бағасы тұрақтанып, өзінің қалыпты деңгейіне оралады, - деді ол.
Айбар Олжайдың пікірінше, мұнайдың фундаменталды бағасы қазіргі әлемдік тұтыну көлемі мен өндіруші елдердің өндіріс көрсеткіштерін ескергенде бір баррель үшін шамамен 70 доллар деңгейінде қалыптасады.
Мұнай бағасы ақырындап 70 доллардың айналасына келеді деп ойлаймын. Бізге мұнайдың қатты қымбаттағанынан, ауытқып тұрғанынан гөрі тұрақты болғаны тиімді. Өйткені тұрақты баға әлемдегі экономиканың өсуіне мүмкіндік беріп, өсімді жалғастыра береді. Сол кезде мұнайға сұраныс ұзақ мерзімде болады. Әйтпесе мұнай тым қымбаттап кетіп, оның салдарынан экономикалар баяулап қалса, көп көлемде мұнай тұтынатын ел қалмай қалуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Олжайдың пайымдауынша, Қазақстанға мұнай бағасының тұрақты болғаны, тіпті арзан болғаны да әлдеқайда дұрыс.
Ол мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан бюджеті мен Ұлттық қор үшін үлкен қауіп тудырмайтынын айтты.
Қазақстанның бюджеттік жоспарларында мұнай бағасының базалық сценарийі бар. Ол тіпті барреліне 60 доллар деңгейінде есептелген. Одан артылғаны Ұлттық қорға кетеді. Сондықтан 70 доллардың маңындағы баға бюджетке айтарлықтай салмақ түсірмейді, - деді экономист.
Сондай-ақ ол Ұлттық қордың қазіргі жағдайын тұрақты деп бағалады.
Ұлттық қорға қауіп жоқ. Кепілдендірілген трансферт көлемі қысқартылды. Бұдан бөлек, қордың инвестициялық табысы да жаман емес. Ұлттық қор көбіне ақшаны мұнайдан емес, тіпті инвестициялық табыстан түсіреді. Сондықтан биыл Ұлттық қордың жағдайы жақсы болады, - деді Айбар Олжай.
Сарапшының айтуынша, жылдың алғашқы 4 айында мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан үшін қосымша мүмкіндік берген.
Жыл басында Теңіз кенішіндегі оқиғаға байланысты мұнай өндірісі уақытша төмендеді. Қазір бұл көрсеткіштер қалпына келтіріліп жатыр. Егер мұнай бағасы жыл соңына дейін шамамен 70 доллар деңгейінде сақталса, Қазақстан жоспарланған бюджеттік көрсеткіштерді орындай алады. Бағаның қымбаттауынан артық 1-1,5 млрд доллар алуымыз мүмкін, - деп айтты ол.
Теңгенің тағдырына не болады?
Экономист теңге бағамына қатысты да болжамын айтты.
Егер мұнайдың бір баррелі 70 доллар деңгейінде болса, доллардың фундаменталды бағамы шамамен 510-515 теңге аралығында қалыптасады. Менің ойымша, доллар бағамы осы жаздың өзінде 500 теңгеден асып, 502-503 теңгеге барады. Ал мұнай бағасы тұрақталғаннан кейін 510-520 теңге аралығына көтерілуі мүмкін, - деді Айбар Олжай.
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал бейбіт келісім аясында әлемдік мұнай нарығы қысымға ұшырады.
16 маусымдағы саудада Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 83 доллар шамасына дейін төмендеді. Ал Қазақстан Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша доллар құны 491,37 теңге деңгейінде қалыптасты. Сарапшылар мұнай нарығындағы жағдайдың теңге бағамына әсерін жіті бақылап отыр.