21 Шілде 2026, 10:54 Фото: instagram.com/potus

АҚШ Иранға оныншы түн қатарынан соққы жасады

АҚШ Иранға жаңа соққы жасады. Трамп кек қайтару туралы мәлімдеп, Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісті. Қарсы тараптар не деп отыр?

АҚШ әскері Ирандағы әскери нысандарға кезекті соққы жасады. Президент Дональд Трамп бұл шабуылдарды америкалық сарбаздардың қазасына жауап деп түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қатарынан оныншы түнге жалғасқан әскери операция бес сағатқа созылды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өткен демалыс күндері америкалық сарбаздардың қаза табуына байланысты Иранды жазалайтынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Тегеран бұл үшін «еселеп жауап береді».

Иран америкалық сарбазды өлтірген сайын, оның құнын еселеп төлейтін болады! – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, америкалық күштер Иранның әскери басқару орталықтарына, теңіз нысандарына, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру алаңдарына, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне соққы жасаған.

Бұл операция Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсіретуге бағытталды. АҚШ күштері жауынгерлік әзірлігін сақтап отыр және бұғаз арқылы еркін өтуге ұмтылған азаматтық теңізшілерге қарсы негізсіз агрессиясы үшін Иранды жауапқа тартуға дайын, – делінген CENTCOM хабарламасында.

Ведомство маңызды халықаралық теңіз дәлізі арқылы коммерциялық кемелердің қозғалысы жалғасып жатқанын атап өтті.

Мамыр айының басынан бері CENTCOM күштері шамамен 900 коммерциялық кеменің және 450 млн баррель шикі мұнайдың тасымалдануына қолдау көрсетті, – деп мәлімдеді АҚШ әскері.

Бұған дейін Трамп өткен демалыс күндері Иордания мен Иракта қаза тапқан үш америкалық сарбазды еске алу мақсатында Иранға «өте жойқын» соққылар жасалғанын айтқан еді. Шабуыл кезінде Иранның әскери және байланыс нысандары көзделген.

Иран бұған жауап ретінде Кувейт, Бахрейн, Иордания және Сириядағы нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал ел президенті Масуд Пезешкиан Иранның қазір АҚШ-пен «толық ауқымды соғыс» жүргізіп жатқанын айтты.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәліметінше, оның күштері Кувейттегі АҚШ-тың әуе қорғанысы мен байланыс нысандарына, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары орналасқан орындарға соққы жасаған. Бұл туралы Иранның жартылай ресми Tasnim агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Ахмед әл-Джабер базасындағы ерте ескерту радиолокаторы, зымыранға қарсы қорғаныс радары, телекоммуникациялық орталық, спутниктік байланыс жүйесі және Patriot зениттік-зымыран кешені зақымданған.

Сонымен қатар ИРСК Али әл-Салем әуе базасындағы АҚШ-тың MQ-9 барлау-соққы дрондары сақталған ангарды жойғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Кувейт Қарулы күштерінің Бас штабы елдің әуе қорғанысы жүйесі Иранның баллистикалық зымырандары мен дрондарын ұстап жатқанын хабарлаған.

Иран әскері Кувейттегі Арифжан базасында орналасқан америкалық HIMARS дүркіндете ататын реактивті жүйелерінің ұшыру қондырғыларына да соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы мемлекеттік IRIB телерадиокомпаниясы хабарлады.

Мәлімдемеде соққы АҚШ шабуылдарына жауап ретінде «жер-жер» санатындағы зымырандармен жасалғаны айтылған.

Сонымен бірге Тегеран бітімнің бұзылғанына қарамастан, екі тараптың делдалдар арқылы дипломатиялық хабарламалар алмасуды жалғастырып отырғанын мәлімдеді.

Дүйсенбі кешке Иордания әскері Иранның үш зымыранын атып түсіргенін хабарлады. Ел аумағында әуе шабуылының жақындағанын ескертетін дабылдар қосылған. Сол күні Кувейт Қарулы күштері Иранның бірнеше дронын ұстап, жойғанын мәлімдеді.

Бахрейннің хабарлауынша, Иран ұшырған дрондар елдің әуе навигациясы жүйелерін нысанаға алған. Алайда көлік қозғалысына зиян келмеген.

Tasnim агенттігінің мәліметінше, бір күн бұрын кешке жасалған америкалық соққылардан Тебриз, Чабахар, Конарак, Бандар-Махшахр және Бандар-Имам-Хомейни қалалары зардап шеккен.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Ормуз бұғазынан өтуге әрекет жасаған екі мұнай танкері жарылғанын хабарлады.

ИРСК мәлімдемесіне сәйкес, танкерлер бұғаздағы «қауіпті оңтүстік бағытпен» қозғалып бара жатқанда жарылып, тоқтап қалған. Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

Тағы оқи отырыңыз: Трамп: Иран америкалық әрбір сарбаздың өлімі үшін жауап береді