16 Шілде 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ-Иран келісімі бір айға жетпей күйреді: Шиеленістің Қазақстанға әсері қандай? 

Сарапшының сөзінше, екі ел арасындағы келісімнің бір айға жетпей бұзылуын екі тұрғыда қарастыру қажет.

Маусым айында АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісім бір айға да жетпей күшін жоғалтты. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери қысымды күшейтіп, елдің порттарын қоршауға алуы мүмкін екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Тегеран АҚШ-тың аймақтағы әскери базалары мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалын қысым тетігі ретінде пайдалануға дайын екенін аңғартты. Бұл жағдай тараптарды қайта келіссөз үстеліне отырғыза ма, әлде қақтығысты одан әрі ушықтыра ма – әзірге белгісіз. Егер дағдарыс ұзаққа созылса, әлемдік мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталуы ықтимал. Алайда Қазақстан үшін бұл тек экспорттық кірістің артуын ғана білдірмейді. Сонымен қатар импорт құнының қымбаттауы, инфляцияның үдеуі, теңге бағамына қысымның күшеюі және логистикалық тәуекелдердің артуы сияқты салдар да болуы мүмкін. Халықаралық қатынастар сарапшысы Жансая Нұралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында осы мәселелерді талқылады. 

Жансая Нұралының сөзінше, келісімнің бір айға жетпей бұзылуын екі тұрғыда қарастыру қажет: құрылымдық және саяси. 

Құрылымдық жағынан бұл нақты келісім емес, тек аралық келісім болған. Себебі сол кезде құжатқа қол қойып жатқанда АҚШ президенті Трамптың өзі де "Егер келісімге келмесек, тағы шабуыл жасаймыз" деп айтты ғой. Оның ниеті қандай екені содан-ақ көрініп тұр. Ал саяси тұрғыда - бұл шабуылдарды кідірту. Иран әр өткен кемеден салық ұстап отырды ғой. Соны уақытша кідіртуге арналған әдіс деуге болады. Меморандум сол үшін "дүниеге келген" болатын. Бірақ оның тағдыры ұзаққа созылған жоқ, - дейді сарапшы. 

Сарапшы Ормуздағы дағдарыс Қазақстанның кірісіне қаншалық әсер ететінін айтты. 

Біз мұнай экспорттаушы ел ретінде оның қымбаттағаны тиімді деп жатамыз. Бірақ кез келген соғыс ешбір елге пайдасын тигізген емес. Бір жағынан ұтқанымызбен, екінші тұсынан ұтыламыз. Күні кеше Brent маркалы мұнай 85 долларға өсті. Бұл ұлттық қорымыз үшін артықшылық. Біззде импорттық инфляция деген түсінік бар. Сырттан тасымалданатын тауарлар, тыңайтқыштар немесе азық-түлік мұнай бағасына тәуелді. Олардың бағасы өскен сайын логистикада да қымбаттайды, - дейді Жансая Нұралы. 

Оның сөзінше, бұл өз кезегінде бәрінің қымбаттауына әкеледі. 

Сонымен қатар, сарапшы Ресейдің ірі мұнай зауыттарының дронмен атқылануына Қазақстанға қауіп бар-жоғын айтты. 

Бұл тұста тікелей қауіп жоқ деп айтуға болады. Себебі бізде тек бағалардың қымбаттауы, содан туындайтын халықтың наразылығы болуы мүмкін. Мұны қысқа және ұзақмерзімді деп қарастыра аламыз. Қысқа мерзімде білінбеуі мүмкін. Бұл теңге бағамына да әсер етеді. Қазақстан үшін негізгі тәуекелдер осы, - дейді Жансая Нұралы. 

Еске салайық, шілденің алғашқы апталарында Трамп Иранмен келіссөз жүргізуді уақыт жоғалту деп атап, Тегеран өкілдерін «оңбағандар» және «өтірікшілер» деп айыптаған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы қақтығыстың кезекті шиеленісуінен кейін атысты тоқтату режимі енді әрекет етпейді деп есептейді.

Ал бір күннен кейін АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы нысандарға қайта соққы жасағаны белгілі болды.