АҚШ «Хезболлаға» қолдау көрсетті деген 10 адамға санкция енгізді
Шектеулерге іліккендердің арасында Түркия азаматтары да бар.
АҚШ билігі «Хезболла» ұйымына қаржылай қолдау көрсетті деген 10 адамды санкциялық тізімге енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, санкцияға іліккендер «Хезболлаға» қаражат аударуға қатысы бар қаржылық желінің мүшелері саналады.
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, аталған желі Ливан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Иран арасында коммерциялық рейстермен қатынайтын курьерлер арқылы жүздеген миллион доллар тасымалдаған. Вашингтон бұл схема ұйымға шетел валютасын алуға және қолданыстағы санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік берді деп есептейді.
Шектеулерге іліккендердің арасында Түркия азаматтары да бар.
АҚШ билігі «Хезболланы» террористік ұйым деп таныған және оны Иран мен Ислам революциясы сақшылар корпусы қолдайды деп есептейді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы «экономикалық соғыс пен оқшаулау» басталатынын мәлімдеген. Ол Тегеранға қолдау көрсететін қаржы институттары, кәсіпорындар, әуежайлар немесе мемлекеттік құрылымдар АҚШ тарапынан қатаң экономикалық шараларға тап болуы мүмкін екенін ескерткен.