АҚШ блокадасына қарамастан тағы бір танкер Ормуз бұғазынан өтті
Мәліметке сәйкес, кеме Иранның Ларк аралына жақын жерде тоқтап тұрған.
АҚШ енгізген әскери-теңіз блокадасына қарамастан, тағы бір танкер Ормуз бұғазы арқылы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Иранның Tasnim ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Әңгіме Кюрасао туын көтерген «Коба» кемесі туралы болып отыр. АҚШ бұл танкерді Иран мұнайын Қытайға тасымалдады деген күдікпен санкциялық тізімге енгізген.
Мәліметке сәйкес, кеме Иранның Ларк аралына жақын маңда зәкір тастаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Пәкістан астанасы Исламабадта Иранмен өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазында теңіз блокадасын бастауға тапсырма берген болатын.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдегендей, Иран порттарын бұғаттау операциясына 10 мыңнан астам америкалық әскери қызметкер, сондай-ақ ондаған ұшақ пен кеме жұмылдырылған.
Бұған дейін белгілі болғандай, Иран Ормуз бұғазы арқылы транзиттен алғаш рет табыс тапты. Тегеран кемелерден ақы алуды бастап, стратегиялық бағыттағы бақылауды сақтайтынын мәлімдеді.