Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі әйелдердің 47,3% басшылық қызмет атқарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл жөнінде бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Евниева мәлім етті, деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша 3 мыңнан астам әйел мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, өз міндеттерін сапалы атқарып, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Спикер өз баяндамасында бірқатар статистикалық мәліметтерді келтірді.
Қазіргі заманғы әйел елдегі барлық саяси және әлеуметтік процестердің толық құқылы және белсенді қатысушысы. Гендерлік саясатқа қолдау көрсетіліп, әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Мысалға, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 65%-ын әйелдер құрайды, ал дәлірек айтсақ 5171 қызметшінің 3352-сі әйелдер. Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына кіретін көптеген елдердің, мәселен Италия, Бельгия мен Испанияның ұқсас көрсеткіштерінен артық, - деп Гүлмира Евниева атап өтті.
Облыстағы мемлекеттік қызметші әйелдердің 47,3% басшылық қызмет атқарады.
2019 жылы бос лауазымдарға орналасуға арналған конкурстарға екі мыңға жуық азамат қатысты, мемлекеттік қызметке үміткерлердің 50,2% әйелдер құрады. Конкурстардың қорытындысы бойынша тағайындалғандың 53,6%-ын нәзік жандылар құрайды, - деді Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте қызметшілердің дамуына, олардың білімдерін, қабілеттері мен дағдыларын арттыруға барлық жағдайлар жасалған, даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру институттары жұмыс істейді. Мәселен, КР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалымен гендерлік саясат тақырыптарында түрлі семинарлар ұйымдастырылды.
Гендерлік саясат қоғамның даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметтегі әйелдерді қолдаудың мықты іргетасы 2006 жылы Гендерлік саясат стратегиясын қабылдау сәтінде қаланған болатын. Осы бағыттағы саясат көптеген ұйымдардың жұмыла әрекеттесуімен жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі гендерлік саясатының тұжырымдамасын іске асыруды жалғастырудамыз. Алдағы уақытта мемлекеттік аппаратты, оның ішіндегі гендерлік саясатты дамытуға байланысты жұмыс жалғастырылады, - деп Г. Евниева қорытындылады.