Ақмола облысында бірден екі әкім қызметінен босатылды
Ақмола облысында қала және аудан әкімдері қызметінен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың 2026 жылғы 21 қыркүйектегі өкімімен Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов және Аршалы ауданының әкімі Достанбек Берікұлы Есжанов атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Тиісті өкімге Ақмола облысының әкімі қол қойған. Қазіргі уақытта олардың орнына кімдердің тағайындалатыны және қызметтен босатылу себептері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Гайдар Қасенов 1976 жылы Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Мариновка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылдан 1999 жылғы ақпанға дейін Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімі аппаратының экономика және нарықтық қатынастар бөлімінде бас маман болып бастаған.
Степногорск қаласының әкімі болып 2024 жылғы 13 қарашада тағайындалған.
Достанбек Есжанов 1982 жылы 17 наурызда Ақмола облысы Есіл ауданы Есіл қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2006 жылы Ақмола облысы Есіл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болып бастаған. Аудан әкімі болып 2024 жылғы желтоқсанда тағайындалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Шайжанов Жезқазған әкімі қызметін аяқтағанын мәлімдеді. Ол қала тұрғындарына алғысын айтып, бұл шешімге қатысты жүрекжарды сөзін жеткізді.
Сондай-ақ, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазғанның жаңа әкімін таныстырды. Қала басшылығына бұған дейін Сәтбаевты басқарған маман келді. Бұдан былай облыс орталығын Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев басқарады.
Тағы оқи отырыңыз: Ұлытауда тағы бір әкім ауысты: Сәтбаевты кім басқарады?