Ақбөкен ресурс па, әлде зиянкес пе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде киіктің Жайық популяциясымен не істеу керек деген мәселе қызу талқыланып жатыр. Батыс Қазақстан облысының өзінде киіктердің көптігінен зардап шегетін жергілікті шаруа қожалықтарының, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізіліп жатыр. Осы орайда «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек  Қозыбақовтың пікірін сұраған едік. 

Көктемде төлдеуге дейін жүргізілген киіктер санағынын нәтижелері бойынша Жайық популяциясы биылғы төлдерді есепке алмағанда 801 мың басты құрайды – бұл киіктер үшін ең қолайлы Кеңес жылдарындағыдан екі есе көп.

2015 жылғы жаппай қырылудан кейін сол кездегі ең көп Бетпақдала популяциясының 90% жуығы жойылып кеткен болатын, жеті жыл ішінде Жайық популяциясының саны шамадан тыс көбейді. Бетпақдала популяциясы да жақсы қарқынмен қалпына келіп жатыр және бүгінгі күнгі саны жарты миллионға жуықтады. Ең көп өсімді Үстірт популяциясы көрсетіп отыр: егер 2015 жылы ол жойылып кетуге аз қалған болса, жеті жылдан кейін оның саны 28 мың бас құрады, - дейді Қозыбақов. 

Саарапшының айтуынша, Қазақстандағы киіктің барлық популяциясын вахталық әдіспен жұмыс істейтін және айтарлықтай сапалы материалдық-техникалық жарақтандырылған «Охотзоопром» ӨБ» РМК инспекторлары қарқынды күзетіп отырғанын атап өту қажет, бұл 2000 жылдардың ортасына дейін байқалған жаппай браконьерлікті іс жүзінде жоюға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта табиғатты қорғау ортасында киікті жануарлардың аңшылық түрлерінің тізбесінен алып тастау және оны саны реттеуді талап ететін жануарларға жатқызу мәселесі бойынша талқылаулар жүріп жатыр. Жай сөзбен айтқанда, ақбөкенге аңшылық лицензия алуға болмайды, ал егер киік шамадан тыс көбейсе, ол белгілі бір деңгейге дейін ауылшаруашылық зиянкесі сияқты жойылып тұрады. Бұл ретте ауланған киіктің еті, мүйізі және терісі қайда кететіні – жұмбақ, сондықтан түрлі қиялдар ойға келеді. Яғни, жергілікті қауымдастықтар үшін ешқандай пайда болмайды. Сонымен қатар тәркіленген киіктердің мүйіздерін өртеу тәжірибесі қолданысқа еніп отыр, сол мүйіздердің көпшілігі браконьерлерден емес, жыл сайын табиғи түрде өлетін киіктердің мүйізін жинаған қарапайым ауыл тұрғындарынан алынған болуы мүмкін, - дейді сарапшы. 

«Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік қауымдастығының  сарапшылары Қазақстанның Үстірт өңірі жергілікті қоғамдастықтарын киіктің жергілікті популяциясын сақтауға тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. 

Осы жұмыс 2015 жылы, яғни қауымдастықтың өзі құрылмастан төрт жыл бұрын, Германияның табиғат және биоалуантүрлілікті қорғау одағы (NABU) халықаралық сарапшыларының қатысуымен басталып кеткен. Сол жылы Үстірт популяциясының саны 1270 бас құрап, шектік деңгейге дейін азайған соң табиғатты қорғау саласының көптеген маманы оның енді қалпына келетініне күмәнданған, - деді ол. 

Қозыбақов атағандай, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Дияр ауылы және Шалқар ауданы Бегімбет, Байқадам, Аққайтым ауылдары тұрғындарының киікті сақтауды насихаттап, «Табиғи орта» ассоциациясының жанында құрылған биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекция құрамында рейдтерге шығып тұруы өз нәтижесін берді. 

Биоалуантүрлілікті сақтауға жергілікті қоғамдастықтардың тиімді қатысуының киіктердің жай-күйіне әсер етуі айқын көрініп тұр. Табиғатпен қатар өмір сүре отырып, жергілікті тұрғындар қаскүнемдік браконьер де, осы зұлымдықпен күрескер де бола алады. Қоғамдық инспекторлар өздерінің ауылдастары мен далада жиі кездесетін бөтен адамдар арасында жүргізетін түсіндіру жұмыстарының маңызы аз емес. Қоғамдық инспекторлар Үстірттің экологиялық жүйесіндегі киіктің рөлі, Қасқыр санының киіктер санына тәуелділігі және егер киіктер саны тұрақтанса, онда қасқырдың олардың малдарына шабуыл жасаудың қажеті болмайды деп әңгімелейді, - дейді Әділбек Қозыбақов. 

Бұдан басқа киіктің Үстірт таралымы мекендейтін жерде 2019 жылдан бастап жергілікті тұрғындар Германияның табиғат және биоалуантүрлілікті қорғау одағының (NABU) қолдауымен «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының Биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекциясының құрамында белсенді табиғат қорғау қызметіне тартылып жатыр екен.

Қоғамдық инспекторлар өздерінің ауылдастары мен далада жиі кездесетін бөтен адамдар арасында жүргізетін түсіндіру жұмыстарының маңызы аз емес. Қоғамдық инспекторлардың, табиғатты қорғау құрылымындарының және құқық қорғау органдарының жөнге салынған жұмыс нәтижесінде киіктің Үстірт популяциясының саны 20 еседен де көп өсті, - дейді ол. 

Жергілікті қоғамдастықтардың пікірінше, болашақта киікті тұрақты пайдалану оларға белгіленген квота бойынша лицензиялар арқылы табыс табуға мүмкіндік берер еді, табыстың бір бөлігі күзетті күшейтуге жұмсалатын еді. 

Киік ареалдарының аумақтарында жергілікті қоғамдастықтарға аңшылық алқаптарын бекіту қажет деп санаймыз. Қорықшылық қызметтің браконьерлерді ұстауға құқық беретін өкілеттіктері оларға ақбөкенді және тұтастай алғанда Қазақстанның жануарлар дүниесін тікелей қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті халықты экологиялық туризмді дамытуға белсенді тарту қажет. Бұл ауыл тұрғындары туристерге киіктерді тамашалатқыза отырып, оларға қызмет көрсете алуы және басқа да ілеспе қызмет көрсетуі үшін қажет. Осылайша, жергілікті қоғамдастықтар ақбөкендердің санын көбейтуге және жабайы табиғатты қорғауға мүдделі болады, - деді ол. 

Сарапшы қорытындылай келе, мәселелер жеткілікті екенін айтты. 

Оларды дұрыс шешу үшін барлық мүдделі тараптардың – мемлекеттік органдардың, аңшылық шаруашылығы ұйымдарының және жергілікті қоғамдастықтардың, оның шаруа қожалықтарының мүдделерін міндетті түрде ескеру керек, - деп түйіндеді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін  айтқан болатын.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы