АПВ-ға қарсы вакцинация бедеулікке әкеле ме?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті АПВ-ға (адам папилломасы вирусына) қарсы вакцинация туралы әлеуметтік желіге тарап жатқан ақпарат жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АПВ-ға (адам папилломасы вирусына) қарсы вакцинация стерилдеуге және бедеулікке әкелетіні туралы әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралып жүрген ақпарат ғылымға қайшы келеді, шындыққа жанаспайды және фейк.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы (күн сайын 5 жаңа жағдай) тіркеледі, жыл сайын 600-ден астам әйел (күн сайын 2 әйел) осы патологиядан қайтыс болады, - делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті таратқан хабарламада.
Бүгінгі күні АПВ инфекциясын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. ДДҰ ұсынымына сәйкес 135 елде, оның ішінде Қазақстанда бұл вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Көптеген әлемдік зерттеулер АПВ-ға қарсы вакцинация қауіпсіз және тиімділігі жоғары екенін растайды.
Нақты емес ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және барлық азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тек ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз, - делінген хабарламада.