12 Қазан 2026, 19:52 Фото: freepik

Аптап ыстық, су тапшылығы және мұздықтардың еруі: Қазақстанға төнген негізгі климаттық қауіптер қандай?

Қазақстанда құрғақшылық пен су тасқыны қаупі артады.

Аптап ыстық, су тапшылығы, құрғақшылық, су тасқыны және мұздықтардың еруі Қазақстанға барынша қатты әсер ете бастайды. Сарапшылар климаттың өзгеруі елдің басым бөлігіне қазірдің өзінде ықпал етіп жатқанын және болашақта экономика мен халықтың өмір сүру сапасына соққы болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұндай қорытындыны Орталық Азия климаттық қорының (CACF) және ESGQ рейтингтік агенттігінің мамандары жасады. Олар елдің барлық 20 өңіріндегі жағдайды климаттық қауіп-қатердің 12 түрі бойынша бағалады.

Мамандардың бағалауынша, ең күрделі жағдай Атырау және Маңғыстау облыстарында қалыптасып отыр. Онда климаттық тәуекелдер деңгейі өте жоғары деп танылды. Тағы бес өңірде бұл көрсеткіш – жоғары, сегіз өңірде – орташа және бесеуінде – төмен.

Жалпы ел бойынша аптап ыстық, су тапшылығы, құрғақшылық, табиғи өрт, су тасқыны, қатты жел мен шаңды дауылдар, сондай-ақ сел мен көшкін айрықша өзекті болып отыр.

Жоғары және өте жоғары тәуекелдер Қазақстан аумағының 40%-ына тән. Бұл аумақтарда халықтың 27%-ы тұрады.

Су азаюы мүмкін

Сарапшылар басты мәселелердің бірі ретінде су стресін, яғни халыққа, ауыл шаруашылығына және экономикаға су жетіспейтін жағдайды атап өтеді.

Қазіргі уақытта мұндай қауіп ел аумағының 69%-ы үшін өзекті болып отыр, бұл жерде қазақстандықтардың 56%-ы өмір сүруде.

Соңғы онжылдықтарда құрғақшылық та жиіледі. Зерттеу деректері бойынша, оның елдегі көрсеткіші 11%-дан 30%-ға дейін өскен.

Су тасқыны қаупі де артты. 12 облыста су деңгейі қауіпті межеге дейін көтерілген жылдар саны көбейді.

Ыстық күндер көбейеді

Бүкіл ел бойынша температура +35 градустан жоғары көтерілетін күндер саны өсіп келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша орташа есеппен мұндай күндер жылына шамамен 13 күнді құрайды. Түркістан облысында – 60 күнге дейін, ал Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – шамамен бес күн.

Сарапшылардың болжамынша, 2040-2059 жылдары ел бойынша орташа есеппен жылына мұндай аптап ыстық күндер саны 25-ке жетуі мүмкін. Жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады.

Жамбыл облысы мұздықтардың ең көп бөлігінен айырылуы мүмкін

Бөлек тоқталатын мәселе – Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы өзендерді қоректендіретін мұздықтардың еруі.

Әуелде мұздықтардың еруінен су көлемі көбеюі мүмкін. Бірақ кейіннен, мұздықтардың азаюына қарай, су көлемі төмендей бастайды. Бұл болашақта су тапшылығы қаупін арттырады.

Сарапшылардың бағалауынша, егер 2050 жылға қарай температура 2,7 градусқа көтерілсе, мұздықтардың шығыны мынадай болмақ:

  • Алматы облысында – 9%;

  • Шығыс Қазақстан облысында – 27%;

  • Түркістан облысында – 30%;

  • Жетісу облысында – 31%;

  • Жамбыл облысында – 82%.

Сарапшылар бұл өзгерістер ауыл шаруашылығына, энергетикаға, инфрақұрылымға және халықтың тыныс-тіршілігіне әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Сол себепті мемлекет пен бизнеске жаңа климаттық жағдайларға қазірден бастап дайындалу, яғни құрылыс жүргізуде, қалаларды дамытуда, су ресурстарын басқаруда және ірі жобаларды жоспарлауда тәуекелдерді ескеру ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің тартылуы тек экологиялық емес, экономикалық дағдарысқа айналғанын айтты. 

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстан Каспийде ЖИ мен спутниктік технологияны қолдана отырып, мониторигтің бірыңғай цифрлық платформасын құруды ұсынды

Қазақстан Каспийді сақтау үшін Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін бөлісуге дайын

Тоқаев Каспий итбалықтарын құтқару үшін аймақ елдерін күш жұмылдыруға шақырды