23 Шілде 2026, 13:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Апатты үй тұрғындарына «бөлмеге – бөлме» қағидатымен жаңа баспана беріледі

Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау кезінде тұрғындарға «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша жаңа баспана беру тетігі енгізілді. Бұл жүйе арқылы тұрғындардың құқықтары «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігімен қорғалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде реновация тек ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салумен шектелмейді. Бағдарлама қалалық ортаны кешенді жаңғыртуды, инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, қоғамдық кеңістіктерді жақсартуды және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, елімізде 4,2 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй бар. Алдын ала есеп бойынша, олардың барлық тұрғындарын көшіру үшін шамамен 3,2 трлн теңге инвестиция қажет.

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін апатты және ескі тұрғын үйлердегі 40 мыңға жуық меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?

Қанат Мыңбаевтың сөзінше, жаңа нарықтық тетік бойынша тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге – бөлме» қағидатымен жаңа тұрғын үйге айырбастай алады. Ал құрылыс салушы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен реновация туралы келісім жасасып, тұрғындардың келісімін алғаннан кейін компанияның кепілдігін рәсімдейді. Осыдан соң ескі тұрғын үй сүріліп, оның орнына жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Бұл құралдың басты мақсаты – реновация жобаларына жеке инвестицияларды тарту және тұрғындардың құқықтарын үлестік құрылыс саласындағыдай мемлекеттік кепілдік арқылы қорғау.

Бұл процесте әр тараптың міндеті нақты айқындалған. Әкімдіктер реновация аймағын белгілеп, бұзылатын нысандардың тізімін бекітеді және қажет болған жағдайда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Құрылыс салушы тұрғындармен келісім жасап, жаңа тұрғын үйдің құрылысын жүзеге асырады. Ал «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» барлық меншік иелерінің келісімі алынғаннан кейін жобаға кепілдік береді.

Өз кезегінде меншік иелері уәкілетті компаниямен үлестік қатысу шартын жасасады. Ол «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Кепілдік беру туралы шартта құрылысқа қажетті құжаттарды әзірлеуден бастап, нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезең, сондай-ақ жобаның негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері мен құрылыс салушы орындауға міндетті талаптар нақты көрсетіледі.

Көшірудің өзге де жолдары сақталады

Брифинг барысында қазіргі таңда әкімдіктер бірнеше тетікті қатар қолданып отырғаны айтылды. Атап айтқанда, тұрғындарға жергілікті бюджет есебінен ақшалай өтемақы төленеді, қайталама нарықтан дайын пәтер сатып алынады немесе реновация бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйге көшіріледі.

Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны артып келеді. 2023 жылы 1 010 меншік иесі жаңа баспанамен қамтылса, 2024 жылы олардың саны 1 381-ге жеткен. Ал 2025 жылы 2 605 тұрғын жаңа үйге көшірілді.

Өткен жылы республика бойынша 101 апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй сүрілсе, биыл 224 тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 44-і бұзылған.

Бұған дейін Қазақстанда 4,2 мың апатты және ескі тұрғын үй бар екені хабарланды.