Тікұшақ апаты: Бүгін қаза тапқан әскерилердің мүрделері туған жерлеріне жөнелтілді

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тікұшақ апатынан қаза болған әскери қызметшілердің денелері туған жерлеріне жіберілді.

Бүгін сағат 13:00 шамасында Қорқыт ата әуежайында қаралы митинг өтті.

«Әскери адам өмірі қашанда қауіп-қатермен байланысты. Олар соны саналы түрде қабылдап, Отан алдындағы өз міндетін толық түсініп қызмет ететінін ұмытпауыз керек. Бұл оқиға орны толмас қайғы. Әрі бұл бір отбасының ғана қайғысы емес, бүкіл отандасымызға ортақ қаза болып саналады. Мен барлық әскери бөлімдерге қайтыс болған сарбаздардың отбасы мен балаларына ұдайы көмек көрсетіп, әлеуметтік жағынан ешқандай мәселе болмауын қатаң түрде тапсырамын», – деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қаралы митингте.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздардың құрметіне мемориалдық  ескерткіш орнатылатынын да жеткізді..

Әуежайға әскерилерден бөлек, қызылордалықтар да жиналып, қазаға ортақтасты. 

Сондай-ақ, мұнда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов болды.

«Сыр бойы халқы Отан алдындағы борышын адал атқарып жүріп, қаза тапқан әскерилердің отбасыларына, жақындарына көңіл айтады. Енді мұндай қайғылы оқиға болмасын деп тілейміз», - деді Наурызбай Байқадамов.

Қаралы митингтен соң қаза болған әскерилердің денелері ұшақпен туған жерлеріне жіберілді.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында тікұшақ құлап,13 адам қайтыс болғаны туралы хабарлағанбыз. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады. Маңғыстау облысы әрбір әскеридің отбасына 1 млн теңгеден беретіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, экипаж мүшелерінің құрамы және олардың соңғы сәтке дейін ажалмен арпалысқаны жайлы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы