Бүгiн 2026, 13:06 Фото: instagram.com/rakhat_turlykhanov

Әнші Рахат Тұрлыханов әйелін ұрды деген күдікпен полицияға жеткізілді

Тұрлыханов бұған дейін де әйеліне қол көтергені үшін 10 күнге қамауға алынған.

Қазақстандық әнші Рахат Тұрлыханов әйелін ұрды деген күдікпен полиция бөліміне жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Полиция Рахат Тұрлыхановтың жұбайын ұрып-соқты деген күдікпен ұсталғанын растады. 

Алматы қаласының Медеу ауданында орын алған отбасылық жанжал дерегі бойынша полиция қызметкерлері түскен шақыртумен оқиға орнына барып, мән-жайды анықтау үшін қатысушыларды аудандық полиция басқармасына жеткізді, - деп хабарлады полициядан.

Ведомство өкілдері тексеріс барысында әйелдің бастапқыда өзіне физикалық күш көрсетілгенін айтқанын, алайда кейіннен ұрып-соғу дерегін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал фактісі бойынша арыз түсіргенін атап өтті.

Қарау нәтижесі бойынша ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Тұрлыханов әйеліне қол көтергені үшін 10 күнге қамауға алынған болатын. 

Кейінірек Тұрлыханов жұбайымен бірге видеоүндеу жазды. Онда әншінің жары жұртшылықты алаңдауға негіз жоқ екеніне сендірді.