Андрей Бабиш: Қазақстанға келу – көптен күткен арманым еді
Чехия премьері Қазақстанға алғашқы сапарының маңызын атап өтті.
Чехия үкіметінің басшысы Андрей Бабиш ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуде Қазақстанға алғаш рет келу сапарының маңыздылығымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Андрей Бабиш бұл сапардың өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтып, көптен бергі арманы орындалғанын жеткізді.
Мен Қазақстанға келуді бұрыннан армандап жүрдім. Себебі халықаралық сауда факультетінде оқыдым, сол кезде фосфор өндірілетін өңірлерді көргім келген. Бұрын басшылықтан Қазақстанға баруға мүмкіндік сұрағанмын, бірақ ондай мүмкіндік болмады. Бұл – менің Қазақстанға алғашқы сапарым, және мұнда болу мен үшін үлкен мәртебе, – деді Чехия премьер-министрі.
Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов Қазақстан – Чехия серіктестігі жаңа деңгейге көтерілгені туралы айтқан болатын.
Біздің деректерге сәйкес, 2025 жылы екіжақты сауда көлемі 705 миллион долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. 2005 жылдан бері Чехиядан тартылған инвестиция көлемі 431 миллион долларға жетті. Сонымен қатар Чехиядан келген жалпы тікелей инвестиция өткен жылы 39%-дан астамға өсіп, 2025 жылы 59 миллион долларды құрады. Қазіргі таңда елімізде чех капиталы қатысатын 143 компания жұмыс істейді. Олардың қатарында Škoda Auto, Omnipol, Tatra және басқа да ірі кәсіпорындар бар. Қазақстан Үкіметі Astana Motors компаниясының Чехия нарығына шығуын құптайды. Бұл екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жандана түскенін көрсетеді, - деді ҚР Премьер-министрі.