«Анашым» деген сөзді естігенде көңілің жай табады – жеті баланың анасы

«Балалы үй – базар» дейді қазақ. Расымен, кез келген отбасының қызығы мен қуанышы – бала. Елімізде бір шаңырақтың астында көп баланы тәрбиелеп отырған өнегелі қазақ отбасылары аз емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осындай отбасылардың бірі Түркістан облысында тұрады. Роза Алдиярова жарымен бірге жеті баланы тәрбиелеп отыр. Бүгін жас ананың үй шаруасы мен жеті баланың тәрбиесін қалай дөңгелетіп отырғаны жайлы айтамыз.

Роза Алдиярова Түркістан облысының тумасы. 1992 жылы Сауран ауданында туып-өскен. Қазір Түркістан облысы Кентау қаласында тұрады.

Роза тұрмысқа ерте, 17 жасында шығып, 2010 жылы тұңғышы дүниеге келеді. Бүгінде 30 жастағы жас ана 7 баланың анасы атанып үлгерді. 

Жары облыстағы уран шығаратын зауытта жұмыс істейді. 15 күн үйде, 15 күн жұмыста. 

Түркістандық жас ананың балалары мектеп жасында. Тұңғышы ұл, жасы 12-де (2010 жылғы), 7-сыныпта оқиды, ал екінші қолқанаты қыз – жасы 10-да (2012 жылғы), үшіншісі 2014 жылғы 2-сыныпта, төртіншісі 2016 жылғы 1-сыныпта оқиды, бесінші баласы 2018 жылғы, алтыншысы 2020 жылғы және ең кішкентайы 2023 жылы қаңтар айында дүние есігін ашты. 

«Жеті баламызға да махаббаттымызды бірдей бөлеміз»

Көпбалалы анамын. Жарым екеуіміз 7 баланы, 5 ұл, 2 қызды тәрбиелеп отырмыз. Әр баламыздың мінезі әртүрлі. Өздерінің ерекше қылықтары, әдеттері бар. Сол ерекшеліктеріне қарай біз де балаларымыздың тілін табуға, дұрыс тәрбие беруге тырысамыз, - дейді Роза.

Ол әр бала мейірімге бөленіп өсуге лайықты екенін айтады.

Барлық баламызға бірдей көңіл бөлеміз, махабаттымызды әрқайсысына бірдей көрсетуге тырысамыз. Өйткені біреуіне артық, екіншісіне аз назар бөлсең де дұрыс емес. Махаббатты, жылы көзқарасты, жылулықты сезіп өскен бала мейірімді, парасатты болып қалыптасады деп ойлаймын, - деп санайды түркістандық жас ана.

Роза күйеуі жұмыста болғандықтан, бала тәрбиесіне өзі көп уақыт бөлетінен айтады. 

Мектепке баратын балаларыма сабақты жақсы оқу керегін үнемі айтып отырамын. Кейде тіпті ынталандырып, мотивация беремін. Мысалы, бүгін «5» алып келсең, сыйлық беремін немесе «қыдыртамын» деймін. Қолдарына кітап ұстатып, ағылшын, орыс тілдерін меңгеруге бағыттап отырамын. Бала үлкендерге қарағанда тілді тез меңгеріп алады емес пе. Сол себепті тіл білімдерін жетілдіріп, сөздер жаттатуға да көңіл бөлемін, - дейді ол.

«Әр баланың өз несібесі бар»

Кейде көпбалалы отбасылардың балаларының киіміне, тамағына ақша жеткізе алмай, қиындық көріп жатқанын еститініміз өтірік емес. Дегенмен Роза әңгіме кезінде дүниеге келген әр баланың өз несібесі бар деп есептейтінін айтты.

Әр баланың өз несібесі бар деп есептеймін. Көпбалалы отбасы болсақ та, балаларымыздың тамағын жеткізуге, олардың киіміне, жалпы оларды бағып-қағудан еш қиындық көріп отырғанымыз жоқ. Жолдасымның айлығы да отбасымыздың күнкөрісіне жетеді. Оның үстіне Үкіметтен алатын көмегіміз бар. Мемлекеттен «Күміс алқаға» және әр балаға шамамен 10 мың теңгеден аса төлем беріледі. Бірақ балалардың болашағына, оқуына деп жинаған қаражатымыз жоқ, - деп айтты ол.

Роза Алдиярованың ұл-қыздарының жас айырмашылығы 2 жастан. Сол себепті бәрі бір-біріне қарайласып, өсіп келе жатыр.

«Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» дейді емес пе. Тұңғышым ұл. Осы ұлым футболға, күреске қатысады. Осылайша өзінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі болып, бір жағынан көз қырын салып жүр. Балаларымның жас айырмашылығы ұзақ емес, екі жас қана. Сондықтан бір-біріне қарап, өсіп келе жатыр, - деп түсіндірді жас ана.

«Қазіргі балаларға көбірек мейірім төгу қажет»

Теледидардан, әлеуметтік желілерден балаларын ұрып-соғып жатқан ата-аналар туралы жиі естиміз. Меніңше, мұндай тәрбие өте қауіпті. «Таяқ жеп», ұрыс-керістің ортасында өскен бала ашуланшақ, агрессивный болып өседі. Қазіргі балаларды тек алдап, түрлі әдіс-тәсілдермен тәрбиелеу керек. Оларға көбірек мейіріміңді бөлуің қажет. Сол кезде бала да айтқаныңды тыңдайды, - деп айтты ол.

Жас ана Роза балаларды телефонмен алдандырып тәрбиелеудің қате екенін де айтты.

Өздеріңіз білетіндей, қазір бала жылап жатса, ата-анасы оны телефонмен алдандыра салады. Мұны құп көрмеймін. Себебі бала телефонға байланып қалмай, балалық шақтың қызығын сезініп, далада басқа балалармен ойнап өсуі керек. Өзім балаларыма телефон бермеймін. Тек үлкен ұлымда ғана ұялы телефон бар. Оны да қадағалап отырамын. Қандай қажетіне жаратып жүр, не көріп жүр – бәрін қадағалап отырамын, - деп айтты отандасымыз.

Түркістандық Роза үйде бала тәрбиесімен қатар айналысатын хоббиі бар. Ол – түрлі тәттілер пісіру. Бұл хоббиін табыс көзі ретінде де пайдаланады.

Балаларымның да айналысатын қызығушылықтары бар. Түрлі үйірмелерге барады. Үлкенім мен үшінші балам футболға, күреске барады, ал қызым тоқыма үйірмелеріне барады. Тұңғышым Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істегісі келсе, ал қызым дәрігер болуды армандайды, ал үшінші балам мал бағам дейді, - деп күлді жас ана.

«Балаңның «анашым» деген сөзін естіп, көңілің жай табады»

Балаларым 8 наурызға дайындалып жүр. Жыл сайын құттықтап, жылы сөздерін айтады. Ана болған соң оған да мәз болып, қуанып қаласың. «Анашым» деп тілек жазып, хаттарын беріп жатады. Ана болу – ең басты байлық, бақыт. Кейде көңіл-күйің болмай, мазасызданып тұрғанда, баланың «анашым» деген сөзін естіп, көңілің жай табады. Не жағдай болса да, бала-шағаңмен алданып, қалай таң атып, қалай кеш болғанын да байқамай қалып жатасың. Уақыт зымырап өтіп жатыр, - дейді жас ана балалары туралы.

Әрине кез келген ата-ана бала-шағасының жақсы азамат болып өскенін, қалыптасқанын қалайды. Ол үшін бар күш-жігерін аямайды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы