Анар Фазылжанова: Қанша әліпби ауыстырсақ та, қазақ тілінің емле ережелері өзгермейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күн бұрын ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында 2023 жылдан бастап Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі жайында айтылған болатын.
Осыған орай «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынның «ASHYQ ALAN» ток-шоуында «Латын әліпбиі – жаңа нұсқа» тақырыбы төңірегінде талқылау өтті.Жаңа нұсқа жайлы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов қазір халықаралық әліпбиде негізгі 107 таңба және 52 қосымша таңба бар екенін айтты.
Біздің әліпбиде 31 әріптің 20 таңбасы базалық әріптерді қайталайды. Қалған 11 таңбаның алтауының үшеуі «умляут», біреуіне «седиль», біреуіне «макрон», біреуіне «бревис» таңбалары берілді. Осы ретте біз Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне құлақ астық. Ол басында латын қаріпіне қарсы болып, кейіннен келіскен. «Бірақ бүкіл диакритикалық қосымша белгілерді (ноқатты) үстіне қоймай, астына да қою керек. Сонда оның танымалдылығы артады» деген. Осылайша ш(ş)-ға «макрон» таңбасы берілді, - деді ол.
Жаңа қазақ әліпбиі таныстырылғаннан кейін қоғамда қызу талқыға түсті. Соның ішінде, көпшілігі «і» мен «и», «й» әріптерінің таңбалануының ыңғайсыз екендігін білдірді.
Латын әліпбиіне өту - кириллицаның құрсауынан шығып, рухани тәуелсіздікке бет бұрамыз. 2017 жылдан бері латын әліпбиі 3 рет өзгертілді. Ең алдымен диаграф болды, одан кейін апостроф, одан кейін акут. Ал ендігі түзетулер диакритикалық таңбалармен ауысты. Бұрыңғы нұсқалармен салыстырғанда, алға ілгерілеу бар, жақсы деген баға беруге болады. 2019 жылдың 6 қыркүйегінде Ұлттық кеңесте қазақ тілінің «і» әрпін қайтару және 2 таңбалы диаграфтан құтылу туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Соның бәрі ескеріліпті. Тек бұрынғы нұсқада «і» мен «и» әріптерінің орны ауысып кеткен. Оны әлі де толықтыруға болады, - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Спикерлерің айтуынша, қазақ әліпбиінің латын қарпіне өтуін қоғамның 80%-ы қолдайды. Дегенмен қарсылық білдеретіндері де бар. Бұл үлкен кісілердің, ата-аналардың латын қаріпін үйренуде «балама қалай үйретемін» деген қорқынышы. Оның осы ретте латын қарпінен қашып, балаларын орыс мектебіне беруі мүмкін деген қаупі де бар.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованың айтуынша, қанша әліпби ауысса да, қазақ тілінің емле ережелері өзгермейді.
Қанша әліпби ауыстырсақ та, қазақ тілінің емле ережелері өзгермейді. Еліміз латын әліпбиіне көшкен уақытта жаңадан мектепке барған бүлдіршінге өзінің ана тілінде сауатты жазу үшін төл дыбыстарын білсе жеткілікті. Қазіргідей оқушылар орыс тілінің 50-ден астам ережесін жаттауға мәжбүр болмайды, - деді ол.Жаңа әліпби нұсқасының енгізіліуіне байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек Ұлттық коммисия отырысында жетілдірілген әліпби жобасы мақұлданғанын айтты.
Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген әліпби жобасы, әріптердің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы және емле ережесінің жобасы мақұлданды. Алдағы уақытта ҚР Президентінің қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы 2017жылғы 26-қазандағы №569 жарлығына өзгерістер енгізу туралы жарлық жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі. Ол Үкімет отырысында қаралып, Президент әкімшілігіне Жарлық жобасы енгізіледі. Содан кейін, ЦДИАӨМ UNICODE жүйесіне өзінің өтінімін береді, стандартын әзірленіп, пернетақта пайдалануға беріледі, - деді ол.