Ана тілімізде англицизмді арттыру немесе технология тіліне үш қадам
Бұл жайында Астанада өткен Decentral Asia іс-шарасынан кейін Astana Hub Блокчейн орталығының басшысы Айдана Қасқырбек мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Блокчейн орталығының басшысының айтуынша, елімізде цифрландыру деңгейі өте жоғары. Онымен қоса, цифрландырумен бірге биометриялық технология да ілесіп келеді. Ол сонымен бірге интернет бетінде мемлекеттік тілдің кеңірек таралуы үшін не істеу керегін түсіндірді. Айдананың айтуына қарағанда, ең алдымен интернетте қазақтілді ақпарат көбеюі керек. Себебі, ChatGPT секілді жасанды интеллект пен чат-боттар осы керекті мағлұматты интернет кеңістігінен алады. Яғни жасанды интеллект деректі жүктеп, оны өңдеп тұжырым жасайды.
Меніңше, көптеген құнды ақпаратымыз әлі де интернетке салынбай жатыр. Алматыдағы университетке барған кезде ол жердегі студенттердің рефератты қолдан жазып отырғанын көрдім. Мұндай қазақша ғылыми, әдеби және терең мәліметтердің бәрі интернетке міндетті түрде жүктелуі керек. Бұл мәселені тек цифрлық комьюнитиде жүретін адамдар қалыптастырмай, басқа да салада жүрген мамандар да цифрлық дағдыны меңгеруі тиіс, - деді Айдана Қасқырбек.
Қазіргі таңда Google, Apple және басқа да әлемдік алпауыттарға қазақ тілі аса таңсық емес. Олардың модельдері көп қолданылатын тілдерге басымдық береді. Өйткені қазақ тілі 1960-1990 жылдар аралығындағы технологиялық прогрестен қалып қойды. Кейін тәуелсіздік жылдары басқа кезең басталып кетті. Сондай-ақ спикердің сөзінше, мұның тағы бір себебі бар.
Мен цифрлық салаға келген кезде қазақ тіліне арналған қысқаша анықтама жасауды ұсындым. Мәселен, бізге инновация деген сөзді аударудың не қажеті бар? Кейін интернет деген сөздің өзін ғаламтор деп аударып алдық. Қазір әр салада осы сөздерден шатасу көп, өзімізге кесірі тиіп жатыр. Оңтүстік Корея тілін сәнге айналдыру үшін өз тілдеріне енген сөздердің арасына ағылшын тілін қосқан болатын. Сол сияқты олар «сумка» деген сөзді сол қалпы айтады, «дорба» деп ешкім айтпайды. Түркия да осы тәжірибені қолданған, мысалы олар тікұшақты әлемдік стандартқа сай болуы үшін helikopter атайды. Мұндай ортақ термин сөздер жаһандану кезінде септігін көп тигізеді. Екіншіден, қазақ тілінің жастар арасында сәнге айналуына ықпал етеді. Өйткені жастар сөз арасындағы англицизм қолданғанды жақсы көреді. Олардың кейбірін қалдырып, қазақ тіліндегі сөздің сыйымдылығын арттырумыз керек, - деді ол.
Былтыр қыркүйекте Digital Bridge халықаралық технология аясында өткен көрмеде қазақтандық жас өнертапқыштар өздерінің стартап-жобаларымен таныстырған болатын. Стартаптар арасында ерекшеленген Alaqan Technology туралы компанияның техникалық басшысы Қанат Сәрсенбаев айтып берген болатын.
Сондай-ақ Izidos - cпортпен шұғылданатын жандарға арналған таптырмас жоба туралы стартап маркетологы Әйгерім Сағимұрат айтып берген еді.