Надыров: Ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифинг барысында ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Оның айтуынша, барлық әйелдің қауіпсіз босануға, босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі үздіксіз күтім жасалуына, әсіресе, пандемия кезеңінде қол жеткізуі өте маңызды. 

Қаладағы әрбір перзентханада коронавирустық инфекциясы бар жүкті әйелдерді қабылдау бөлімшесі бар екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, алдағы күндері 60 төсек-орны бар жаңа №4 перзентхана корпусы ашылады. Сондықтан болашақ аналарға уайымдаудың қажеті жоқ. Барлық перзентхана инфекциялық бақылаудың қатаң талаптарына сәйкес келеді, - деді Надыров.

Сонымен қатар, ол қаладағы вирустың таралу жағдайын тұрақтандыру үшін қандай шаралар атқарылып жатқанына тоқталды.

Бұған дейін мен барлық стационарды пациенттердің ауырлық дәрежесін эшелондау бойынша бөлу принципін айтқан едім. Бұл тәсіл бізге жағдайдың ауырлығына байланысты пациент бағытын нақты құруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, пациенттер уақытылы және сапалы медициналық көмекті алуда. Осының салдарынан біз төсек-орындар айналымын арттырдық және стационарлардың жүктемелігін төмендеттік. Ол 90%-ға жетті, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 49%-ға дейін төмендеді, - дейді ол.
Бұған дейін Қамалжан Надыров Алматы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші тұрақтанғанын айтты. Қазіргі уақытқа дейін 9 634 адам вирус жұқтырған. Соңғы тәулікте вирус жұқтырған 241 адам тіркелді. Емделіп шыққандар саны 5 667 адам. Бүгін 179 науқас жазылып шықты. Қауіпті індеттен қайтыс болғандар саны 73.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы