Ән мен рух. Әскери музыка сарбаздарға қалай әсер етеді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әскери ортада музыканың алар орны туралы көп айтуға болады. Жауынгерлік Ту, әскери белгі іспетті жауынгерлік музыка да әскери қызметшілер арасында ерліктің, батылдықтың және Отанға деген адалдықтың символындай. Ұлттық ұлан жеке құрамының жауынгерлік дайындығы мен мәдени деңгейін көтерудегі әскери оркестрдің орны бір төбе.
Әскери музыка әскери дайындықтың құрамдас бөлігі және патриоттық-эстетикалық тәрбиенің тиімді құралы болып табылады. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери-оркестрлік орталығы ұландық өнерпаз ұжымдардың басын қосып, қызметін үйлестіріп отырған бірден-бір орган. Аталған орталықтың қазіргі тыныс-тіршілігі, тарихы мен алдағы жоспары туралы ұжым басшысы полковник Асхат Мұхамедияров айтып берді.
-Асхат Мәрленұлы, әскери оркестр қызметінің қалыптасу тарихы қашаннан басталады? Осыған қысқаша тоқталып өтсек.
-Қысқаша тоқталсақ, өткен ғасырдың басынан бастап және Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін әскери оркестрлер құрамы құрылды. Оның құрамына ағаш және жез үрмелі аспаптар, сондай-ақ ұрмалы аспаптар кірді. Ал, көне тарихқа жүгінентін болсақ, қуатты сырнайлардың дауысы ежелгі рулардың жауынгерлерін шекараны басқыншылардан қорғау үшін дыбыстағаны белгілі. Ежелгі батырлар жырларында әскерлер барабан соғысымен шабуылға шыққаны айтылды. Кешегі Ұлы Отан соғысында да әскери оркестрдің маңызды рөл атқарғанын көруге болады. 1941 жылдың 24 маусымында В.Лебедев-Кумач «Известия» және «Красная звезда» газеттерінде «Қасиетті соғыс» өлеңін жариялады. Соғыстың төртінші күнінде сазгер А.Александров осы өлеңге ән жазды. Бірақ оның сөзі мен нотасын жариялауға уақыт болмағандықтан, ол жаңа туындыны бормен тақтаға жазып шығады. Әншілер мен музыканттар оларды өз дәптерлеріне көшіріп алады. Ал 26 маусым күні Мәскеудегі Беларусь вокзалында бұл әнді әлі майданға аттанып үлгермеген КСРО-ның Қызыл Тулы Қызыл әскер оркестрінің бірі орындайды. Ән радио арқылы таралды. «Вставай, страна огромная!» деп басталатын ән алғашқы жолынан тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, тартып әкетеді. Сұрапыл соғыс жылдарында мұндай әндердің маңызы зор болды. Сол күннен бастап «Қасиетті соғыс» әні Ұлы Отан соғысының әнұранына айналды. Әскери музыка сарбаздарды мойымауға, жаумен арпалысқа ең әуелі өзінің туған жері мен жақындары үшін түсуге шақырады. ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасына қарай әскери оркестр қызметінің құрылымы қалыптасты, ол бүгінгі күнге дейін бар. Орта Азия мен Қазақстандағы Ішкі әскерлерді басқаруда 18 әскери оркестр болды, оның 10-ы Қазақ КСР аумағында болды. Олар әскери бөлімдердің музыкалық қажеттіліктерін қамтамасыз етті, сондай-ақ қалалар мен облыстар орналасқан жердегі іс-шараларға қатысты.
90-шы жылдары, Қазақстан Республикасының қалыптасуының қиын-қыстау кезеңінде кешегі Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан әскерінің қолбасшылығы әскери оркестрлерді сандық жағынан сақтап қана қоймай, қосымша штаттық бірліктер енгізе алады. 1995-2005 жылдар аралығында жаңадан құрылған әскери бөлімдерде тағы 6 әскери оркестр құрылып, толықтырылды. Бүгінде тарихы терең ұландық оркестрлер жеңімпаз дәстүрді жалғастыруда.
-Оркестрлердің қызметі туралы толғырақ айтып өтсеңіз.
-Әскери оркестр қызметі әр алуан. Ұжым елдегі маңызды оқиғаларға арналған іс-шаралардың тұрақты қатысушылары саналады. Мысалы, Конституция күні, Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні және тағы басқасын айтып өтсе болады. Олар әскери әдет-ғұрыптармен, әлеуметтік, мәдени және спорттық шаралармен қамтамасыз етеді, концерттік және ағартушылық жұмыстар жүргізеді және көркемөнерпаздардың қойылымдарына көмектеседі. Жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосады. Бүгінде Ұлттық ұланда 10-нан аса штаттық әскери оркестр бар. Оркестрдің әскери қызметшілері аспаптарда кәсіби ойнаумен қатар, саптық дайындықта әртүрлі элементтерді көрсетуде. Өткен 2021 жылды санағанда оркестр ұжымы 9031 рет ойын көрсетті. Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке аттану алдында, саптық тексеріс, әскери бөлімдегі маңызды оқиғалар кезінде музыкалық сүйемелдеу жасап жүр. Сондай-ақ, ықпалдастық органдармен өтетін мерекелік шараларда, қала тұрғындарымен кездесулерде, көркемөнерпаздар концерттерінде өнер көрсетіп келеді. 6506, 5517, 6505, 6679, 6656 әскери бөлімдерінің әскери ұжымдары 10-нан аса онлайн концерттер қойды. Әскердегі ерлік күні, Ұлттық ұланның құрылу күні және басқа да мемлекеттік мерекелерде онлайн режимінде тыңдармандарға өнерлерін арнады. Әскерлердің өмірінде әскери оркестрлерді пайдалану тұрақты түрде өсіп келеді. Сонымен қатар, әскери оркестрлердің қызметінің маңызы да артуда.
-Кәсіби музыканттарды әскери салада ғана емес, басқа салада да көруге болады. Мамандарды саусақпен санауға болады. Осы орайда, әскери оркестрдің өз кадрларын қалай жасақтайтынын білгіміз келеді. Әскери музыканттарды қайдан табасыздар? Қалай дайындайсыздар?
-Сұрағыңыз орынды. Жалпы оркестрлердің басқару дағдыларын машықтану үшін екі жылда бір рет әскерлердің әскери оркестрлері негізінде әскери дирижерлармен оқу-әдістемелік жиындар өткізіледі. Онда мамандар, жоғары білім беру факультетінің оқытушылары және мәдениет қайраткерлері, танымал адамдар өз білімдерімен бөліседі.
Саптық үйлесімді және орындаушылық шеберлікті нығайту үшін әскердің әскери оркестрлері арасында байқау-конкурстар өткізіледі. Сол жерде өнерге жақын әскери қызметшілер іріктіледі. Елімізде жаны өнерге жақын, музыкаға қабілеті бар азаматтар жеткілікті. Ол туралы біз емес, шетел мамандары да айтуда. Ондай азаматтар әскерге келіп, өмірлерін Ұлттық ұланның әскерімен байланыстырып жатса құба-құп көреміз. Айтып өту керек, 2009 жылдан бастап Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери университеті (Мәскеу қ.) әскердің әскери оркестрі үшін дирижерларды дайындауда. Білім беру кезеңінде курсанттар музыкалық конкурстарға қатысады, онда жүлделі орындарды иеленеді.
Жалпы оркестрлердің шығармашылық әлеуеті жыл өткен сайын артуда. Айту керек, 2015 жылы Ұлттық ұлан Әскери оркестр орталығы әскери дирижерлар мен музыканттардың озық тәжірибелерін жинақтау, музыкалық фестивальдар мен байқауларға әскери ұжымдардың қатысуын ұйымдастыру, жұмысты жоспарлау және композицияны талдау мақсатында құрылды. Ұлттық ұлан сазгерлерінің үрмелі аспаптар оркестріне арналған жинағы шығарылады. Бұл жинақтар әскери оркестрлер арасында ғана емес, азаматтық оркестрлер арасында да сұранысқа ие. Сонымен қатар, оркестр Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған жинақ шығарды, ол үшін әскери дирижерлер шығармаларды аспаптарда орындады. Бұл ұлы қазақ философы, ойшылы әрі сазгері Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған телевизиялық концерттің негізін қалады.
Музыкалық аспаптармен, әсіресе салтанатты киім үлгілерімен қамтамасыз ету мәселелері сәтті шешілуде. Әр оркестр үшін жеке концерттік форма жасалып тігіледі.
-Оркестрлердің қызметі ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде екен. Сіздер қандай фестивальдерге қатысып жүрсіздер.
-Ұлттық ұланның әскери оркестрлері бірнеше рет өздерінің шеберліктерін көрсетіп, әртүрлі үрмелі аспаптар оркестрлерінің конкурстары мен фестивальдерінде Қазақстан Республикасының атынан қатысты. Олар «Астана самалы», «Труба мира» (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Амурские волны» (РФ, Хабаровск қ.), «Фанфары Казани» (РФ, Қазан қ.), «Виват Санкт-Петербург» (РФ, Санкт-Петербург қ,), Екатеринбург қаласы күніне арналған фестиваль, сондай-ақ еліміздің бірнеше қаласында өткізілетін фестивальдар мен жарыстар. Сонымен қатар, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының намысын басқа да алаңдарда қорғады.
Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен «Спасская
башня – 2019» әлемдік деңгейдегі XII Халықаралық әскери музыка фестиваліне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Құрмет қарауыл ротасы мен Үлгілі-көрсетімді оркестрінің қатысуы ерекше назар аудартты. 14 шетелдік оркестр арасында ұжым «Көрермендер көзайымы» рейтингінде үшінші орынға ие болды.
2012 жылдан бастап Ұлттық ұлан жыл сайын «Әскери керней» халық-аралық әскери-музыкалық фестивалін өткізеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы мен күштік құрылымдарының әскери оркестрлерінен басқа фестивальға: Қытай Халық Республикасы Қарулы полициясының үш дүркін әскери оркестрі (Пекин қ.), Моңғол Халық Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Үлгілі-көрсетімді оркестрі (Ұлан-Батор қ.), Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскерлерінің Әскери федералды қызметінің оркестрлері (Ростов-на-Дону, Новосибирск, Екатеринбург, Санкт-Петербург, Мәскеу қ.) қатысты.
Фестивальді өткізуге «М’Арт» продюссерлік орталығы, әртүрлі би ұжымдары, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының домбырашылар ансамблі, Қостанай қаласының барабаншылар шоуы сияқты шығармашылық ұжымдары мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Серік Ибрагимов, Маржан Арапбаева және басқалар белсенді көмек көрсетті.
Бүгінгі таңда әскердің әскери оркестрлерінің ұжымдары әскери бөлімдерде және гарнизондарда барлық қойылған міндеттерді жоғары кәсіби және орындаушылық деңгейде орындайды. Сондай-ақ облыстық және мемлекеттік маңызды іс-шараларға кеңінен қатысып жүр.
-Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!