Америкалық саясаткер Чарли Кирктің қазасы: күдіктіні өз отбасы ұстап берген

АҚШ-та Чарли Киркті өлтірді деген күдікті Тайлер Робинсон ұсталды. Оны отбасы мүшесі әшкерелеген. ФБР оқиға орнынан қару мен жазуы бар гильзаларды тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

АҚШ-та Чарли Киркті өлтірді деген күдікті ұсталды. Бұл туралы президент Дональд Трамп Fox & Friends бағдарламасында мәлімдеді.

22 жастағы Тайлер Робинсонды құқық қорғаушылар оның отбасы мүшесінің көмегімен анықтап, қолға түсірген. Юта штатының губернаторы Спенсер Кокстың айтуынша, отбасы мүшесі Робинсон қылмысын мойындағанын досына айтып, ол шериф кеңсесіне хабар берген.

Фото: ФБР

Бейнебақылау жазбасында күдіктінің оқиға күні университетке сұр түсті Dodge Challenger көлігімен келгені анықталды. Тергеу барысында оның саяси көзқарастары соңғы жылдары күшейгені белгілі болды.

Сонымен қатар, ФБР орманды аумақтан сүлгіге оралған Mauser .30-06 үлгісіндегі винтовканы тапты. Қарумен бірге табылған гильзаларда "Әй, фашист!", "Белла Чао" деген жазулар болған.

Еске сала кетейік, АҚШ-тың Юта штатында оққа ұшқан саясаттанушы Чарли Кирктің ауруханада көз жұмғаны жайлы жаздық. Оны атып өлтірген күдіктіні іздеу жұмыстары күшейтілгені жайлы да жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы