Америкадағы әр қазақтың қазақша сөйлеуге мүмкіндігі бар - Жұлдызай Исмаилова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше АҚШ-тың Филадельфия қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Жалпы, бәрі неден басталды? Қазақ мектебі қалай ашылды? Оқу форматы қалай жүреді? Қандай пәндер оқытылады? Қазақ мектебінің құрылтайшысы – Пенсильвания штатындағы Kazakh American қауымдастығының президенті Жұлдызай Исмаилова сұхбатында айтып берді.
- Америкада қазақ тілінде үйрететін оқу ордасын ашуға қалай қол жеткіздіңіздер?
Америкада біраз мемлекеттердің өз тілдері мен салт-дәстүрлерін үйрететін мектептер бар. Мәселен, АҚШ-та дүниеге келген ұлт өкілі өз ана тілінде білім алуға мүмкіншілігі бар. Мені де осы сұрақ қатты толғандырды. Біздің де қаракөздерімізге арналған білім ордасы болса екен деп армандадым. АҚШ-та дүниеге келген қазақстандық ата-аналардың да көкейінде жүрген мәселе де осы еді. Қазір Аллаға шүкір оған қол жеткіздік.
- Мұғалімдер жеткілікті ме? Оқу қандай форматта ұйымдастырылмақ?
Әрине, әзірге Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Әнұран жаттату, Құран сүрелері, мақал-мәтелдер жаттату, Қазақтың ұлттық аспаптарынан құралған Ансамбль, домбыра сабақтары, ұлттық би пәндері оқытылуда. Оқу офлайн форматта жүргізілуде. Мектепте мұғалімдеріміз жеткілікті. Мұнда 6-16 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер қабылданады. Шағын білім ордасы болғандықтан мұнда оқуды бітірген оқушылар сертификат алып шығады.
Жұлдызай Исмаилова – биыл Нью-Джерси штатында 600 адамның басын қосқан, тұңғыш рет АҚШ-та кең көлемде аталып өткен Америка қазақтарының Наурыз мерекесін ұйымдастырушылардың бірі. Өткен жылы Жұлдыз Исмаилованың ұйымдастыруымен АҚШ-тағы қазақтар Наурыз мерекесі мен Конституция күнін Филадельфия қаласында атап өткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, кеше АҚШ-тың Пенсильвания штатына қарасты Филадельфия қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылғанын хабарлаған едік.
Сонымен қатар Қазақстандықтарға танымал болып үлгерген полиглот Кэмерон Фарр өзінің қазақ тіліне деген қызғушылығы неден басталғанын айтып берген еді.