Аманбала әжейдің жүз оныншы көктемі

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы күніме шүкір. Адам баласының осы өмірдегі басты армандарының бірі – ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ұрпақ өсіру емес пе?! Ата-аналық парыздарымды адал атқардым деп білемін. Құдайдың берген тағы бір бақыты – жүз оныншы көктемімді қарсы алып отырмын, дейді биыл 110 жасқа толған жамбылдық кейуана.

Аманбала Аманжолова 1910 жылдың қаңтар айында Сарыарқа топырағында туған екен. 1926 жылы Балтабай Аманжолов екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Отау құрған жас жұбайлар сол тұстағы халық басына түскен нәубетті күндерді қатар өткеріп, бірге көтеріп, қиындықтарды бастан кешіреді.

Қазір өткен ғасырдың басындағы тарихқа айналған сол шақтарды дұшпаныма да тілемеймін. Аштықтан бұратылған сол кездегі жұрт не көрмеді десейші. "Көппен көрген ұлы той" деп Арқадан Әулиеата топырағына босқан көпшілікпен бірге біз де шұбадық қой. Жол бойы нешеме адам көз жұмды, нешеме жан ажал құшты. 1928 жылы іргесін қалаған Сарысу ауданының құрылуына біз де білегіміздің күшін салдық, – дейді қарт ана.
Жамбыл өңіріндегі бұл ауданда 39 кеңшар болған шағында Балтабайдың отбасы Ілгерібасқа қоныс тебеді. Аманбала апа сонда колхозшы болып еңбек еткен екен.
Соқа айдадым, бидай ордым, шөп шаптым, әйтеуір маңдай терімді сарп етуден жалыққан жоқ едім. Ол кездің адамдары да еңбекқор еді ғой. Аяғымыздан тұру үшін, ұрпағымызды жетілдіру үшін жанымызды аяған жоқпыз. Енді міне, соның рахатын көріп отырған жайымыз бар,  деп еске алды сол жылдарды әжей.
Аманбала Аманжолова совхозда сақпаншы, қой қырқу жұмыстарымен айналыса жүріп зейнеткерлікке шыққан. Жары екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде бала-шағасынан қырықққа тарта немере, шөберелер сүйіп, бақытты әже атанып отыр.
Енді менде қайбір арман қалды дейсің. Бүгінгі балалар қиындық көрмесін, соғысты көрмесін, аштықты көрмесін. Ұзақ жасап, еліміздің еңсе тіктеуіне күш салсын. Осы бақытты күніміздің баянын берсін Жаппар Ием, – дейді ағынан жарылып.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы