11 Тамыз 2026, 16:45 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

«Алтынға үміт бар»: Қазақстандық палуан Астанада өтетін әлем чемпионатына болжам жасады

Бүгін Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді. Іс-шараға Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков та қатысты. Ол журналистерге алдағы Астанада өтетін әлем чемпионатында қазақстандық спортшылардың алтын медаль алу мүмкіндігіне болжам жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спортшының айтуынша, алда Азия ойындары келе жатыр. Жарыста жоғары нәтиже көрсету үшін ең алдымен тыңғылықты дайындық қажет.

Спорт деген айта бергенге оңай. Әрине, тыңғылықты дайындық керек. Спортшыларымыздың бәрі біледі. Алдымызға мақсат қойылып жатыр. Қазіргі заман да өзгеріп келе жатыр, сыйақысы да жақсы, алтын медаль алса, жағдайларын жақсарта алады. Енді тек қана өздерінің жігерлі мінездерін көрсету қажет. Бәрі шынығып келеді, бәрі дайындалады, күніне үш мезгіл жаттығу жасайды, – деді Ислам Байрамуков.

Ол спортшылар қайсар мінездерін көрсетіп, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатып қайтуға мүмкіндіктері бар екенін айтты.

Бұдан бөлек, спортшы Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатар қатысатын палуандардың дайындығы мен денсаулығына қатысты пікір білдірді.

Негізі, әрине, кімнің қайда күресетінін өздері шешеді. Дегенмен, дамыған елміз. Мысалы, Иран құрама командасын алып қарайық. Азия ойындарына да, әлем чемпионатына да қатыса береді. Егер аса ауыр салмақтағы палуандар болса, құраманы бөліп тастайды: біреуі Азия ойындарына, біреуі әлем чемпионатына қатысады. Әрине, бұл денсаулыққа үлкен әсер етеді. Мысалы, 5 келі деп айтсақ, оңай көрінеді, ал 10 келі салмақ қуу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін, – деді спортшы.

Сондай-ақ палуан Астанада өтетін әлем чемпионатына болжам жасады.

Мүмкіндік бәрінде бар ғой. Қазір заман басқа, біздің кезіміздегідей емес. Министрлік, федерация қолдау көрсетіп отыр. Жарыс өз жерімізде өтетіндіктен, туған жердің топырағы да бізге көмектеседі деп ойлаймын. Сондықтан барын салу керек. Балалар өздері біледі, бәрі тыңғылықты дайындалып жатыр. Алтынға үміт бар. Дегенмен де, алтынымыз бар, екі алтын, екі әлем чемпионымыз бар. Бәріне қол жеткізуге болады, – деді Ислам Байрамуков.

Еске сала кетейік, қазақстандық палуандарды биыл екі маңызды жарыс күтіп тұр. 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында Азия ойындары өтеді. Ал 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Әлем біріншілігінде еркін және грек-рим күресі, сондай-ақ әйелдер күресінен жүлдеге талас жүреді.

Бұған дейін астаналықтар Олимпиада чемпиондарымен бірге 10 мың қадам жүргенін жаздық. Елордада Спорт апталығы басталды.

Нұрай Зинелова