Алтын қол оташы да қателесуі мүмкін – ғалым-дәрігер
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Медицина саласы төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жатады. Оның салдары – бүкіл әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты. Көп мәселе қаржыға тіреліп тұр. Бұл туралы белгілі дәрігер, тәжірибелі хирург, ғалым Сағындық Ордабеков айтты.
Бүгіндері біраз қабылданған реформалар іске асырылуда. Мысалы, ауруханаларды біріктіріп, ірілендіріп, онда бар диагностикалық-емдік аппараттарды, құралдарды тиімді пайдалану, әкімшілік қызметкерлердің санын азайту мәселелері өзекті. Сол игілікті шараларды жер-жерде қолдап, дұрыс түсіне білсек, орынды болар еді, – дейді ол.Сағындық Ордабеков қоғамдағы "Білікті дәрігерлер азайып кетті" деген пікірдің орынсыз емес екенін де жеткізді. Оның пікірінше, барлығы ақылы оқу ісіне барып тіреледі. Ақшасын университет кассасына құйған студент жанын салып сабақ оқымайды. Бірақ, ертең қызметке орналасқаннан кейін түрлі күрделі мәселелер туындайды. Бос селтеңмен өткізген жылдары үшін өкінеді, опық жеп бармағын тістейді. Базбіреулері қиындықтарға кезігіп, маңдайы тасқа соғылып, мамандығынан "жеруге" тура келеді. Ал, дәрігерлік мамандық өмір бойы ізденуді, білімін толықтырып отыруды талап етеді. Егер дәрігер ізденуін тоқтатса, ертең ол қателікке ұрынады, бірте-бірте мамандығынан шеттеп қалады.
Қазір теледидардан әр аймақта орын алған балалар өліміне дәрігерлер кінәлі деп даурығып, барлық кінәні дәрігерден көріп жатады. Сөз жоқ, базбірі рас та болар. Ой таразысынан өткізсек, оған қазіргі қоғамның өзі, министірлік пен үкіметіміз кінәлі. Осыдан 20 жыл бұрын медициналық университеттердегі педиатрия факультетін жауып тастап, жалпы дәрігерлерді дайындауға кірістік. Оның салдарын қазір көріп отырмыз. Балаларды емдейтін педиаторлар саны барлық жерде күрт азайды. Зейнет жасына жеткен балалар дәрігері қызметтен шеттетілді. Ал жалпы дәрігерлер балалардың ауруларының ерекшелігін терең білмейді, диагноз дер кезінде қойылмайды, тиісті ем жүргізілмейді. Соның барлығы жиылып, қателікке апарады, – деді ол.Хирургтың сөзінше, әр өңірден айқай-шу, дау, соттасу мезгіл-мезгіл көрініс тауып жатқаны соның әсері. Ал оны көрген жастар медицина саласына баруға жүрексінеді. Білімсіз дәрігерді қоғамның өзі ертелі-кеш ескексіз қайықтай шеттетіп тастайды. Өйткені, сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті екенін жүрегімен ұғады. Сондықтан мамандық таңдауда қателік жіберілмеу керек, ол – үлкен күнә, өзек өртейтін өкініш.
С.Ордабеков медицина саласын цифрландыру үрдісін қолдайтындығын да жеткізді. Ол қазіргі қиындықтардың уақытша дүниелер екенін алға тартып, барлығы өз орнына келетіндігіне үмітті.
Дәрігерлер арасында әзірше түсінбеушілік, көңіл толмаушылық басым. Келе-келе олар жаңа технологияны меңгеріп, жұмыстарын жеңілдететініне еш күмән келтірмеймін. Әр адамның жеке басының "Денсаулық паспорты" да енгізілуде. Орынды іс. Электронды құжатта әр адамның немен ауырғаны, қандай ауруға қарсы екпе жүргізілгені, қандай хирургиялық операция жасалғаны, дәрі-дәрмектерге аллергиялық реакциясы және т.с. толық мәліметтер болады. Кез келген дәрігер сол "Денсауылқ паспорты" арқылы көп ақпарат алып, ой түйеді, дұрыс ем-дом жүргізеді, – деді дәрігер.Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісінің көп жылдан бері жырға айналғаны мәлім. Егемендіктің алғашқы жылдарында бұл жүйе енгізіліп, көп ұзамай тоқтап қалғанын білеміз. Сағындық Ордабеков бұл жүйеде шикіліктер мол екенін дер кезінде түсінген Елбасы Н.Назарбаевтың оны енгізу ісін 2016 жылдан 2020 жылға шегергенін орынды деп санайды. Өйткені, біраз жұрт әзірше ол жүйеге қаржы құя алмай отыр.
Қазір жиналған қаржы көлемі 224 миллиард тенгеге жетіпті. Осыдан медициналық көмектің сапасы артады, дәрігерлер мен медбикелердің жалақысын өседі деп үміттеніп отырмыз, – деді ол.Белгілі хирург қазіргі таңда экономикалық дағдарысқа байланысты емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар сенімгерлік басқаруға беріліп жатқанын айтып, Тараз қаласындағы емханалар түгелдей жеке кәсіпкерлердің иелігінде екенін жеткізді.
Жеке клиникалар да көптеп ашылуда. Әйтеуір, медициналық көмек сапасы төмендемесе болғаны. Ақылмен атқарылған шара пайдасын береді. Жеке ауруханадан, медициналық орталықтан ат-тонымызды ала қашқанымыз орынсыз. Мысалы, өз қаламыздағы академик Сейтхан Жошыбаев басқарып отырған "Кардиохирургиялық және трансплантология орталығы" республикалық клиникалардан артық болмаса, кем емес. Өткен жылдың өзінде бұл медициналық орталықта бүйрек алмастыру отасы енгізіліп, еліміздің алдыңғы қатарлы клиникаларымен теңесті. Ғылым саласы да қатар жүргізіліп медицина магистрлері, Pһ-докторлар дайындалуда, – деп атап өтті білікті дәрігер.Мамандығына қатысты сөз қаузаған С.Ордабеков қандай хирург болмасын, сирек болса да сәтсіздікке кездесіп отыратындығын әңгімеледі. Ол мейлі академик, профессор болсын, жоғары санатты "қолы алтын" оташы болсын, қателесуі мүмкін. Тек ота жасамайтын хирург қана қателеспейді.
Менің де тәжірибемде сәтсіз сәттер болғанын жасырмаймын. Ол орынды да. Хирургиялық аурудың сан түрі бар, алдыңа оны әбден асқындырып, "пісіріп" келетін науқастар жоқ емес. Өкінішке қарай, кейде қанша білімді, шебер болсаң да оны өлім тұзағынан алып шығу мүмкін болмай қалады. Олардың санын бұл жерде жариялап, тізбектемей-ақ қояйын. Дәрігер-хирург әр жасалған отасынан кейін жауапкершілікті сезініп, науқастың жайын ойынан шығармайды. Тіпті, жұмыс уақытынан кейін күрделі операция жасалған ауруды ойлап, мазасызданып, мезгіл-мезгіл телефон арқылы кезекші дәрігерден науқастың жайын сұрап, кейде түн ішінде ауруханаға келіп, өз көзімен көріп барып қана түнгі ұйқысына кетеді, – деді хирург.Ол науқастың туыстарының, жақындарының шамадан тыс дөрекілігіне дес беру де жеңіл жұмыс емес екенін жеткізді. Тіпті, онсыз да жүйкесі тозып жүрген дәрігерге қоқан-лоққы көрсетіп, "таяқтап" кету сиректеу болса да өмірде кездесіп жатады екен. Сондықтан болар, көптеген дәрігер-хирургтар зейнет жасына жетпей-ақ әр түрлі дерттерге (инсультқа, инфарктқа т.с.с.) шалдығады, жүйкесі тозады екен.
Дәрігер әр сәтсіздікті, отадан кейінгі асқынуды жүрегінен өткізеді, мазасызданып, жүйкесі жұқарады, денсаулығы сыр береді. Оның барлығы оташы үшін із-түссіз өтеді деп ойламаңыз. Сондықтан әр іске түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Текетірестік, орынсыз дау-жанжал ешқашан жақсылыққа апармайды. Адам денсаулығы, адам өмірі – біле-білсек, мына жарық әлемдегі ең қымбат, ең асыл дүние. Әрбір дәрігер науқас алдындағы жауапкершілігін терең сезінгені жөн. Егер олай болмаса, барлығы бос әурешілік. Қызметіне селқос қарайтын, қатігез, жүрегі тас, мейірімсіз адамның жақсы дәрігер болуы екіталай, – деді Сағындық Ордабеков.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Antikor орталығында жастар идеялары таныстырылды
Өзгелердің жаңалығы