Алматының шеткі аудандары қалай дамып жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бақытжан Сағынтаев Алматыға әкім болып келісімен «Шетсіз қала» жобасын қолға алған болатын. Соның аясында қаланың шетінде орналасқан Алатау, Жетісу, Наурызбай аудандарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгін Алатау ауданы әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында осы ауданда іске асырылып жатқан жобаларды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен салынған нысандарды, әлеуметтік мақсаттағы нысандар мен аумақты абаттандыру, инженерлік желілерді жаңғырту ісімен таныстық.

Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтың айтуынша, қазір аудандағы 13 шағын ауданда жаңа жол құрылысы жасалуда. Өткен жылы 4 шағын ауданның жолы жасалса, биыл 9 шағын ауданда жол жасау жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жерде жаңа жолмен қатар жаяу жүргіншілерге арналған тратуарлар, арықтар да салынып жатыр.

Онымен қоса 8 ықшамауданның жолдарына орташа жөндеу жұмысы жасалып жатыр. Бұл ретте жалпы ұзындығы 67 шақырымды құрайтын 73 көше жөнделуде. Бүгінгі таңда 15 шақырымды құрайтын 22 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы жылдың басынан бері сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жүргізу бойынша Өжет, Ақбұлақ, Боралдай шағын аудандарына жалпы ұзындығы 199 шақырымды құрайтын желі тартылған. Оның суға бөлінгені бөлігі – 108 шақырым, кәріз жүйесі – 91 км,-дейді ол.

Ашық әкімдік

Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратында биыл «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылған. Ол тұрғындардың мәселесін тыңдап, сұрақтарына жауап алып қайтуы үшін қолға алынған.

Бұл әкімдік пен тұрғындар арасында конструктивті диалог құрудағы ең маңызды бастама. Фронт-офис қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен ашылған.

Бұл офис Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдасы негізінде ашылды. Бұл жерде әл-ауқат, тұрғын үй коммуналды шарауашылығы, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала бөлімдерінің қызметкерлері халықты қабылдап, олардың мәселесіне жауап береді. Оған қоса аудан әкімдігінің құзырына жатпайтын мәселелер бар, ол жер, сәулет және басқа да қалалық басқармаға қатысты сұрақтар. Сондықтан оған қатысты мамандар аптасына екі күн келіп тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады. Бұдан бөлек аудан әкімі ретінде аптасына бір рет халықты қабылдаймын,-дейді аудан әкімі.

Фронт-офиске келген Алатау ауданының тұрғыны Рысгүл Тұрысбекова әкімдікке айтып келген өтініштерінің барлығы шетінін орындалып жатқанын айтты.

Ауданда көптеген іс атқарылды. Жолымыз жасалып жатыр, оның үстіне әкімдікте «Ашық әкімдік» кеңсесінің ашылғаны жақсы болды, бұны құптаймын,-дейді ол.

«Алатау аналары»

Пресс-тур барысында жақында ғана ашылған «Алатау аналары» қорының жұмысымен таныстық. 

Бұл орталық аудандағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған.

Мұнда негізінен әйелдерге шашатараз, визажист, косметология, тігін ісі үйретіледі. 

Оған қоса балалар арналған би, музыкалық аспапта ойнау, актерлік шеберлік, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп тұр. 

12 адам жұмыс істейтін орталықта көпбалалы аналар да, балалар да тегін оқытылып жатыр.

Орталықта түрлі үйірмелерден бөлек өз ісін ашқысы келетін аналарға тендерге қалай қатысу керектігі жөнінде және өз бизнесін ашқысы келетіндерге консультациялық көмек беріледі екен.

Менің балаларым осындағы спорт үйірмесіне қатысады. Соларды әкеліп жүріп тігін ісін үйрететін курс бар екенін білдім. Қазір осында тігін тігуді үйреніп жатырмын. Ал қызым осындағы вокалға қатысып, өз өнерін шыңдауда. Таяуда онлайн сайыста басжүлде алды. Тігін ісін меңгерсем келешекте өз шеберханамды ашсам деймін,-дейді бес баланың анасы Ғалия Керімқұлова.

Орталықта аналар тіккен бұйымдарды сату үшін базарлармен келіссөз жүргізіліп, сол жерде сату нүктелері ашылған. 

Яғни аналар тіккен қыз жасауы, көрпе, жастық сияқты өнімдерін базарда сата алады.

Ауданда сондай-ақ «Аналарға көмек» орталығы ашылған. 

Әкімдік пайдаланылмай бос тұрған ғимаратты ауданның балансына алып, халыққа пайдалы ету үшін қорға берген. 

Онда қазір кәсіпкерлер қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, көпбалалы аналарға консультациялық көмек, тігін және тамақ әзірлеу ісін үйретеді.

Ауданда «Бақытты отбасы» жобасынан бөлек көпбалалы аналарға арналған 3 қор құрылған. 

Ол «Алатау аналары», «Аналарға көмек» және «Зейін» орталықтары.

«Іскер ана» жобасы бойынша 300-ге жуық көпбалалы ана киім тігу, кондитер ісі, шашатараз, маникюр, балаларды дамыту және тағы басқа салада өз істерін ашқан. 

Сонымен қатар «Менің кәсібім» жобасы аясында 10 көпбалалы ана қажетті тауарлармен, керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. 

Қазір олар өз кәсібін табысты іске асыруда. 

Бүгінгі таңда 301 әйел «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша білім алған, олардың 150-ге жуығы өз бизнесін жүргізуде.

Шәріпов саябағы

«Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақбұлақ шағын ауданында жаңа сквер жасалған. Бұрын бос жатқан жерде балалар ойнау алаңы мен жекпе-жек спорт алаңы бой көтерген. Оған қоса бұл аумақ абаттандырылып, көше бойы жарықтандырылып, урналар мен демалыс орындықтары қойылған.

Қала әкімі осы ауданға келген кезде тұрғындар сквер қажеттігі туралы мәселе көтерген болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 5 сквер мен 5 жаяу жүргіншілер көшесі бой көтерді. Бұл саябақта балалардың ойнау және спорт алаңы ашылды. Оған қоса демеушілердің көмегімен жекпе-жек спортына арналған манеж салынды. Ол жерде балалар спорттың 6 түрімен шұғылданады. Атап айтсам тэйквандо, карате, бокс, кидбокс, күрес және кудо,-дейді аудан әкімі.

Аралас жекпе-жек өнерінің майталманы Ардақ Назаров спорттық манежді салуда өзінің ақыл, кеңесін бергенін айтады.

Өзім осы ауданда өстім. 1994 жылы Шаңырақта жол, жарық жоқ кездің өзінде біз спортпен жаттығып өстік. Қазір еліміз дамып жатыр, көптеген игі істер болашағымыз үшін атқарылуда. Тек сөзбен айтып қана қоймай, оның дәлелі ретінде мына ашылып жатқан балалар алаңын, жазғы спорт алаңдарын айтуға болады. Мұның барлығы ұрпағымыз үшін үлкен өнеге. Мәселен, мына бос жатқан жерді пайдалана отырып, керемет алаң ашып қойды. Мына жерде балалар ойнап жүрсе, арғы жағында жасөспірімдер спортпен айналысып жатыр. Ойнап жүрген балалар оларды көріп, спортқа деген ынтасы оянады,-дейді ол.


Сонымен қатар ол зәулім спорт ареналарыннан гөрі аулаларда шағын спорт алаңдарын ашу тиімді болатынын жеткізді.

Маған көптеген ата-ана баласын спорт үйірмелеріне бере алмайтынын жазады, қымбат немесе үйден алыс деп жатады. Ал мына алаң балалардың дәл үйінің жанында әрі бәрі тегін. Қалада Тайландтағыдай жазғы спорт алаңдарын ашу бұрыннан ойда жүретін. Алматыда 6 ай жаз болады, соны жастар тиімді пайдаланса. Бізге үлкен ареналардан гөрі әрбір аулаға осындай шағын спорт алаңдарын көптеп ашсақ, оның пайдасы зор болады,-дейді спортшы.

Әкімнің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында өзге де істер атқарылған. Биыл осы бағдарлама аясында 15 жоба жүзеге асырылып, 2070 адам жұмыспен қамтылған және оған 2,68 млрд теңге бөлініпті.

Жобалар аясында Шапағат саябағы, Шәріпов саябағы, Алатау дәстүрлі театрдың айналасын абаттандыру, Қарағайлы саябағы, Массагет саябағы жөнделіп, 54 көппәтерлі үйдің қасбеті сырланды. Оған қоса 23 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда күрделі жөндеуден өтпеген әлі 53 аула бар. Қазір солар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындадық, сондықтан олардың жөндеу келесі жылы іске асырылмақ,-дейді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында 2019 жылы 3 жоба таңдап алынған. Оның біріншісі Шаңырақ-1 ықшамауданында балалар ойнайтын спорт алаңын салу, екіншісі – Қарасу ықшамауданында Ұлы отан соғысы батырларына арналған ескерткішті қайта жөндеу және Ақбұлақ шағын ауданында жабынды футбол манежін салу. Бұл бағдарламалар бойынша сметалық жұмыстар әзірленіп, енді іске асырылмақ. Қала әкімінің тапасырмасымен «Бюджетке қатысу» жобасына бөлінетін қаржы 800 млн теңгеге дейін көтеріліп, әр жоба 55 млн-нан аспау керек деп талап қойылған.

Домбыра орталығы

Осы жылдың 17 қыркүйегінде Алатау ауданында «Шыңға өрлеу» бағдарламасы аясында «Домбыра орталығы» әлеуметтік нысаны ашылған. Демеушілердің көмегімен орталыққа аспаптар сатып алынып, ғимаратқа жөндеу жұмысы жасалған. Қазіргі уақытта 100 бала орталықта домбыра шерту өнерін үйреніп жатыр. Әр курс алты айға жалғасады. Басты мақсат балаларға домбыра ұстатып үйрету.

Аудан тұрғыны Ақытгүл Садуақасова Домбыра орталығына екі немересін ертіп әкелгенін айтады.

Балаларға домбыра үйренген ұнайды. Осындай орталықты ашып беріп отырған аудан басшылығына ризашылығымды білдіремін. Балалар қазір «Еркемайды» және тағы бірнеше күйді үйренді,-дейді ол.

Жалпы қала бойынша бала туу көрсеткіші бұл ауданда өте жоғары. Сондықтан балаларды дамыту орталықтары, үйірмелері бұрын тапшы болған. Оған қоса мектептерде 8 мыңдай оқушыға орын тапшылығы бар. Қазір қалада салынып жатқан 8 мектептің 5-уі осы ауданда екен. Егер олар салынып бітсе 7 800 оқушыны қамтиды. Яғни келесі жылдан бастап ауданда мектептегі орын тапшылығы жойылмақ. 

Артезиан бұлағы

Шаңырақтағы артезиан бұлағы аталып кеткен жер алматылықтарға бұрыннан танымал. Жол жиегіндегі бұлақ суын алушылар қатары бұл жерде толастаған емес. Алматының арғы шетінен артезиан суын алмыз деп келетіндер саны өте көп мұнда. Бұрын далаға ағып жататын бұлақ басына кәсіпкерлердің демеушілігімен қазір әдемі күрке тұрғызылған. Жанына балалар ойын алаңы мен спорттық құралдар орантылған.

Сондай-ақ Шапағат шағын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында саябаққа жөндеу жұмысы жүргізілген. Оның аумағы 13 000 шаршы метрді құрайды, ол жерде балалар алаңы және спорт алаңдары, футбол алаңы бар. Көшені жарықтандыру тіректері, орындықтар мен урналар орнатылған.


Қарағай саябағы

Аудан әкімімен кездесу барысында Момышұлы мен БАК көшелерінің қиылысында бой көтерген Қарағайлы саябағымен таныстық. 

Тимур Елеусізовтың «Табиғат» қоры 2020 жылдың қаңтар айында мұнда алғаш қарағай ағаштарын отырғызуды бастаған.

Осы жобаны «Жұмыспен қамту жол картасы» жобасына кіргіздік, соның нәтижесінде қазір үлкен саябаққа айналды. 7 гектар жерге 3 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Оған қоса осы маңдағы тұрғындар серуендеу үшін демалыс орындары құрылып, балалар ойнау алаңы ашылды,-дейді аудан әкімі.

Жалпы күзге дейін ауданда 28 мың ағаш отырғызылған. Аудандағы жалпы ағаштың саны 179 мыңды құрайды. 

Мұның барлығы қала әкімінің миллион ағаш отырғызу бастамасы аясында іске асып жатыр.

Шапағат шағын ауданы

Бұрын Заря восток аталып келген бұл шағын ауданның атауы былтырдан бері Шапағат болып ауысқан. 

Мұнда да «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бос жатқан 3 гектар жер абаттандырылып, спорт, футбол және балалар ойын алаңы ашылған.

Бұрынғы Заря восток шағын ауданы былтырдан бері Шапағат деп өзгерді. Өзіміздің асығымыз алшысынан түссін деп мына саябаққа асықтың мүсінін әкеп қойдық. Аудан бойынша осындай 15 жоба іске асырылып жатыр. Яғни бос жатқан жерлердің барлығын кәдеге асырып, ойын алаңдары мен демалыс орындарын құрып жатырмыз,-дейді аудан әкімі.

Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтың айтуынша, аудандағы негізгі проблема инфрақұрылым мәселесі. 

Алайда ол аудан әкімінің құзырында емес көрінеді, қалалық әкімдік шешеді. Бірақ бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. 

Әсіресе су, кәріз желілерін тарту бір күнде шешілмейтін жұмыс, көп уақытты қажет етеді. 

Әкімдік халық шыдамдылық танытса бұл бағыттағы мәселелер де көп ұзамай оң шешілетінін айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы