Алматының қай ауданында ұрлық көп?
Полиция өкілі қандай мүліктер жиі ұрланатынын айтты.
Алматының қай ауданында ұрлық көп екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек ұрлық бойынша шағым көп түсетін ауданды атады.
Мүліктік қылмыстар (ұрлау) адам көп шоғырланған жерлерде жиі кездеседі. Аудан бойынша Алматының Алатау ауданында ұрлық бойынша шағым көп түседі. Тұрғын үй кешені, сауда орталықтарында ұрлық жиі болады. Алматы қаласы ірі мегаполис болғандықтан келіп-кетушілер көп. Оның ішінде жеңіл жолмен нан тапқысы келетіндер бар, - дейді Салтанат Әзірбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар, полиция өкілі қандай мүліктер жиі ұрланатынын айтты.
Көбіне ұялы телефон, гаджеттер, ноутбуктар, алтын бұйымдар жиі ұрланады және қайтарылады. Қайтарудың заңмен көзделген процедурасы бар. Сот шешімі не тергеу барысында арнайы құжат арқылы иесіне қайтарылады, - дейді Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, Алматы облысында пәтерге терезеден кіріп, ұрлық жасағандар ұсталғаны хабарланған еді.
Тағы оқи отырыңыз: Көшеде теледидар көтеріп жүрген: Алматыда пәтер ұрылары ұсталды