Алматылықтар қар дұрыс күрелмеген жағдайда WhatsApp нөмірге жаза алады

Қазгидромет жасаған болжамға байланысты Алматының коммуналдық қызметтері дайындық жұмыстарын бастады.

Синоптиктердің мәліметіне сәйкес, бүгін түнде Алматыда ауа температурасы -6… -8 градусқа дейін төмендейді, шамамен сағат 04.00-ден түске дейін қалыңдығы 4 см-ге дейін қар жауады. Жолдар мен тротуарларда мұз қатып, көктайғақ болуы мүмкін.

Сондай-ақ 20 қаңтар күні күндіз көшпелі бұлт шығып, солтүстік-шығыстан жылдамдығы 2-7 м/с жел соғады, ауа температурасы -3...-5 градус болады деп күтіледі.

Алматы әкімдігі қармен күреске қазірден кірісіп кетті.

Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 20 қаңтарда күндіз 412 арнайы техника мен 1120 жұмысшы жұмылдырылады. Түнгі уақытта 436 арнайы техника мен 219 жұмысшыны тарту жоспарланып отыр. Қарды шығаруға 123 бірлік, оның ішінде 27 қар тиегіш, қар таситын 75 жүк көлігі, 11 трактор, 10 автогрейдер және 156 жұмысшы жұмылдырылады. Дислокация орындарында қар жауғанға дейін 146 құм шашатын көліктер кезекшілікке шығады, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта қалада тротуарлар мен жол шетіндегі жиектастарды қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. 19 қаңтар, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 19 750 текше метр қар шығарылды, яғни жүк көліктері 1 975 рет рейс жасаған.

Әкімдік өкілдері, сондай-ақ жолда, тротуарларда және қоғамдық орындарда қардың дұрыс күрелмегенін көрген жағдайда +7 (706) 689 8898 WhatsApp нөміріне хабарласуға болатынын айтады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы