19 Тамыз 2026, 12:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматылық студенттер жатақханаға ай сайын қанша төлейді? 

Сондай-ақ студенттер қосымша ақы төлеу арқылы тамақтану қызметін пайдалана алады.

Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек студенттік жатақханалардағы тұру құны мен қосымша төлемдер туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарының жатақханаларында тұру ақысы орта есеппен айына 25 мың теңгеден басталады.

Ұлттық және мемлекеттік университеттердің жатақханаларында орын құны шамамен 25 мың теңгеден басталады. Ал жекеменшік жоғары оқу орындары мен жеке жатақханаларда баға 30-40 мың теңгеден басталып, орналасқан жері мен жағдайына қарай 90 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деді Азиз Қажденбек.

Басқарма басшысы кейбір жатақханалардың жайлылығы жағынан төрт жұлдызды қонақүйлерден кем түспейтінін атап өтті. Мұндай нысандарда жеке ас үй, бөлек санитарлық тораптар, климат-бақылау жүйесі және басқа да заманауи қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Оның сөзінше, жатақхана бағасы ең алдымен ұсынылатын тұрмыстық жағдайларға байланысты қалыптасады.

Сонымен қатар Азиз Қажденбек «Студенттерден коммуналдық қызметтер, жөндеу жұмыстары немесе жиһаз үшін бөлек төлем алынуы мүмкін бе?» деген сұраққа да жауап берді.

Бұл келісімшарт талаптарына байланысты. Бірақ тәжірибеде жатақхана ақысының құрамына тұру шығындары, коммуналдық қызметтер және басқа да негізгі қызметтер толық кіреді. Әдетте студенттерден бұл үшін қосымша төлем талап етілмейді, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, кейбір жатақханалар қосымша қызметтер де ұсынады. Мысалы, қала орталығынан алыс орналасқан жатақханаларда студенттерді университетке тасымалдайтын автобустар қарастырылған.

Сондай-ақ студенттер қосымша ақы төлеу арқылы тамақтану қызметін пайдалана алады. Жатақханаларда үш мезгілдік немесе бес мезгілдік тамақтану пакеттері ұсынылуы мүмкін.

Осылайша, Алматыдағы жатақханалардың басым бөлігінде коммуналдық төлемдер негізгі ақыға енгізілген, ал қосымша шығындар көбіне студенттің таңдаған қызмет түрлеріне байланысты болады.

Еске салсақ, Алматыда жатақханадан орын ала алмаған студент қайда жүгінуі керек екенін түсіндірдік. Студенттер құқықтары мен мәселелерін қорғауға көмектесетін студенттік омбудсмендер институты да жұмыс істейді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда баспана жалдау ақысы 14%-ға қымбаттады: Бағаны студенттер өсіріп жатыр ма?