Алматылық дәрігерлер денесінің 90%-ы күйген науқасты аман алып қалды
Дәрігерлер газ баллонының жарылуынан денесінің 90%-ға жуығын күйік шалған жігіттің өмірін сақтап қалды.
Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері газ баллонының жарылуы салдарынан қатты күйіп қалған 26 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды. Бір айға созылған емнен кейін ер адам үйіне шығарылды.
Ер адамның өз үйінің ауласындағы шаруашылық қорасында тұрған газ баллоны жарылып кеткен. Зардап шегуші жалыннан ауыр күйік алып, №4 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.
Дәрігерлер пациенттен барожарақатты, дене бетінің 89%-ын қамтыған термиялық күйікті, оның ішінде 15%-ының терең күйік екенін, сондай-ақ сол қолының жұмсақ тіндері ауқымды зақымданған ауыр жарақатын анықтады. Ауруханаға түскен алғашқы минуттардан бастап оған қарқынды шокқа қарсы ем жүргізілді.
Пациент ауруханаға жатқызылған күні-ақ зақымданған қолына шұғыл қалпына келтіру операциясы жасалды. Кейінгі апталарда ем күйік бөлімшесінде жалғасты. Пациент бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық ем қабылдады, оның ішінде теріні трансплантаттау (аутодермопластика) мен зақымданған аяқ-қолға реконструктивтік операциялар жасалды. Осы уақыт бойы дәрігерлер өмірлік маңызды ағзалардың қызметін, аспаптық және зертханалық көрсеткіштерді күн сайын бақылап, науқастың жағдайына сәйкес емдеу тактикасын түзетіп отырды.
Пациент бізге өте ауыр жағдайда түсті. Төрт тәулік бойы реанимацияда болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Мұндай ауқымды күйіктер дәрігерлер үшін әрдайым ең күрделі сынақтардың бірі. Клиниканың мультидисциплинарлық командасының үйлесімді жұмысының арқасында біз пациенттің өмірін сақтап қала алдық, – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Пациенттің өзі Александр Артуков емдеу барысында көрсетілген көмек пен қолдау үшін дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Күйік және реанимация бөлімшесінің медицина қызметкерлерінің, кардиологтардың, терапевтердің, травматологтардың арқасында ем өте жақсы өтті. Барлық емшара жоғары кәсіби деңгейде әрі барынша ауыртпалықсыз ұйымдастырылды. Маған тек физикалық емес, моральдық қолдау да көрсетілді, өйткені мұндай жарақаттарды еңсеру өте қиын. Санитарлардан бастап мейіргерлерге, дәрігерлер мен анестезиологтарға дейінгі барлық медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. №4 қалалық клиникалық ауруханасының ұжымына кәсіби біліктілігі үшін ерекше ризамын, – деді пациент.
Ауруханаға жатқызылғаннан кейін бір ай өткен соң ер адам стационардан шығарылды. Емдеу барысында ол қайтадан өздігінен жүріп-тұрып, өзін-өзі күте алатын жағдайға жетті. Алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда денесінің 95%-ын күйік шалған зауыт жұмысшысы ауруханаға түсті.