Алматыға ауызсу қайдан келеді және тариф қалай қалыптасады?
Алматыда су тарифінің өзгеруіне байланысты тұрғындар арасында «табиғи көздерден келетін су үшін неге төлем жоғарылайды?» деген сұрақ жиі қойылуда. Бұл сауалға «Алматы Су» кәсіпорнының өкілдері жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Алматы Су» кәсіпорнының қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Жандос Тәкібаевтың айтуынша, қалада су тұтынушыларға жеткенге дейін бірнеше күрделі кезеңнен өтеді.
Алматыда суды дайындаудың толық циклі жүзеге асырылады. Су көзінен алынғаннан кейін хлорлау, сүзгілеу, залалсыздандыру, зертханалық бақылау және тасымалдау процестерінен өтеді. Бұл – энергияны көп қажет ететін жұмыс. Кәсіпорын қызметкерлері тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істеп, қала мен облыс тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді, – деді ол.
Оның сөзінше, тариф құрамында кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына жұмсалатын шығындар да қарастырылған. Жыл сайын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту мен қайта жаңарту жұмыстарына 15-18 млрд теңге бағытталады.
Сонымен қатар Алматының таулы аймақта орналасуына байланысты сорғы жабдықтары мен кәріз сорғы станцияларын үздіксіз күтіп ұстау қажет. Бұл нысандар суды айдау және тасымалдау жұмыстарын атқарады әрі электр энергиясын көп тұтынады.
Тарифтің өсуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су саласы қызметкерлерінің жалақысын энергетика саласы мамандарының деңгейіне жеткізу жөніндегі тапсырмасы. Осыған байланысты еңбекақы қоры да ұлғайтылып жатыр, – деді Тәкібаев.
Ал «Алматы Су» кәсіпорнының өткізу жөніндегі департаментінің директоры Серік Шагиров қала тұрғындарының су көздері туралы қалыптасқан түсінігі шындыққа толық сәйкес келмейтінін айтты.
Оның мәліметінше, Алматыға берілетін судың 70 пайызы тереңдігі 500 метрге дейін жететін жерасты ұңғымаларынан алынады.
Көпшілік судың негізгі бөлігі таудан келеді деп ойлайды. Шын мәнінде, қалаға келетін судың 70 пайызы жерасты көздерінен өндіріледі. Ұңғымалардың орташа тереңдігі шамамен 300 метр. Бұл суды жер бетіне шығарып, кейін сорғылар арқылы қалаға жеткізу қажет. Кейбір су алу нысандары қала сыртында орналасқандықтан, су бірнеше деңгейлі сорғы станциялары арқылы әрбір үй мен пәтерге дейін жеткізіледі, – деді ол.
Маманның айтуынша, таудан келетін судың өзі де тұтынушыларға бірден берілмейді. Ол тұндыру, коагуляциялау, сүзгілеу және залалсыздандыру сияқты бірнеше кезеңнен өтеді.
Қаладағы төрт ірі су алу нысанында ауқымды жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар су мен кәріз тарифтері ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз қалып келді. Қазір су дайындау мен жеткізуге кететін нақты шығындарды кезең-кезеңімен тарифтерге сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр, – деп түсіндірді Серік Шагиров.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыда су мен кәріз қызметі қымбаттайды: Қаражат қайда жұмсалады?