Бүгiн 2026, 16:20 Фото: gov.kz

Алматыдағы жұмбақ өлім: Көпірден құлаған ер адам қаза тапты

Мегаполисте Әл-Фараби даңғылындағы көпірден құлаған ер адам қаза тапты.

Алматының Бостандық ауданында көпірден құлаған ер адам қаза тапты. Полиция ҚК 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Оқиға туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің айтуынша, Әл-Фараби даңғылы мен Навои көшесінің қиылысында, Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан көпірден адам құлаған.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша ер адамның қаза тапқанын растады.

Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның өзге де мән-жайлары жария етілген жоқ.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында жаппай төбелесте 17 жастағы бозбала қаза тапты. Оқиға Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 20 наурызға қараған түні болған.

Ал Қостанайда ер адам бұрынғы әйелін мылтықпен атып өлтірді. Күдікті полицияға өз еркімен келіп, қылмысын мойындаған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.