Алматыдағы жол апаты: Күдікті сотта соңғы сөзін айтты
Сотта соңғы сөзін сөйлеген күдікті марқұмдардың ата-аналарынан кешірім сұрады.
Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталып отырған Александр Пак соттағы жарыссөз кезінде қаза тапқандардың өлімі үшін өзін кінәлі сезінетінін айтып, соттан әділ әрі заңды шешім шығаруды сұрады.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күннен бері ол күн сайын осы ауыр оймен өмір сүріп келеді.
Қайғылы оқиғадан бері күн сайын менің кесірімнен адамдардың қаза тапқаны туралы оймен өмір сүріп келемін. Бұл – мен үшін ең ауыр жүк. Менің әрекетімнен көптеген адамның тағдырына зиян келді. Жәбірленушілер балаларынан, жақындарынан айырылды. Менің отбасым да зардап шекті. Тергеу барысында ешқашан жауапкершіліктен қашқан емеспін. Соттан мені ақтауды сұрамаймын. Тек заңды, әділ және адамгершілік қағидаттарына сай шешім қабылдауды сұраймын, – деді Александр Пак жарыссөзде.
Сонымен қатар, сотта соңғы сөзін сөйлеген күдікті марқұмдардың ата-аналарынан кешірім сұрады.
Ата-аналардан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл – менің өмірімнің соңына дейін бірге жүретін қайғы. Мен өзімді ақтайтын сылтау іздемеймін. Болған жағдайдың ауырлығын азайтуға тырысып отырған жоқпын. Жауапкершіліктен жалтарғым келмейді. Сот менің шын ниетпен өкінетінімді білсе екен деймін, – деді ол.
Айта кетейік, үкім бүгін сағат 17:30-да жарияланады.
Еске салайық, бұған дейінгі сот процесінде тағы бір жәбірленуші пайда болды. Ол жол апатында қаза тапқан Томиристің әкесі. Судья оны жәбірленуші деп тану туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.
Ол күдікті Пакқа кешірім бермейтінін мәлімдеген еді.
Сот отырысында прокурор Әлібек Күмісбеков те күдікті Александр Пакты 10 жылға соттауды сұраған болатын.
Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні болды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалды.