Алматыдағы Wildberries логистикалық орталығы: Мердігерлер дауынан кейін қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды
Алматыдағы Wildberries логистикалық орталығының құрылысындағы дауға байланысты қозғалған қылмыстық іс прокуратураның араласуымен тоқтатылды.
Алматыда Wildberries маркетплейсінің ірі логистикалық орталығын салу кезіндегі дауға Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті араласты. Тексеруден кейін қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы қаласында ірі логистикалық орталық салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырып жатқан Wildberries компаниясының құқығын қорғады. Жедел ден қоюдың арқасында инвесторды негізсіз қылмыстық процеске тартуға жол берілмей, жобаны іске асыруға төнген тәуекелдер жойылды, – деп мәлімдеді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті.
Бұған инвестор Комитетке салынып жатқан нысан аумағында тінту жүргізіп, техникаға мөр басылғаны туралы өтінішпен жүгінуі себеп болған. Комитет мәліметінше, бұл жағдай жобаны одан әрі жүзеге асыруға қатер төндірген.
Комитеттің тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тіркеудің және қабылданған процестік шешімдердің заңдылығына жан-жақты тексеру жүргізді.
Тексеру барысында құрылыс жұмыстарын орындау кезінде мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған даудың тек азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Қылмыстық қудалауға негіз болмаған.
Комитеттің үйлестіруімен Алматы прокуратурасының жедел араласуының арқасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында инвестордың құқығын қорғап, жобаның іске асырылуына одан әрі кері әсер етуге жол бермедік. 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді, – деп атап өтті Комитет прокуроры Рауан Әлмішев.
Комитет өкілінің айтуынша, қылмыстық-процестік сипаттағы шараларды бизнеске қысым көрсету құралы ретінде қолдануға немесе инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіруге жол берілмейді.
Айта кетейік, Wildberries Астана мен Алматыда жалпы аумағы 260 мың шаршы метр болатын екі логистикалық кешен салуда (елордада – 160 мың, Алматыда – 100 мың шаршы метр). Нысандарды 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір маркетплейс Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма алаңын жалға алып жұмыс істеп жатыр.
Еске салсақ, 2026 жылғы 4 тамызда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries маркетплейсіндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, кәсіпкерлерді сауда алаңының сенімділігіне, тауарды жеткізу жылдамдығына және логистикалық тәуекелдерге мән беруге шақырған еді.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, Wildberries компаниясы қазір Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма аумағын жалға алып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан Wildberries-тің жаңа логистикалық базасына айналып бара ма? Сарапшы пікірі