Алматыдағы өрт. Тұрғындар өрт сөндірушілерге алғыс білдірді
"Ақкент" ықшам ауданынының тұрғындары өрт сөндірушілерге алғыс білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматының "Ақкент" ықшам ауданындағы өрттен зардап шеккендерге жол-жөнекей өтіп бара жатқан адамдар да көмекке келген. Тұрғындар өрт сөндірушілер мен көмек көрсеткен адамдарға алғыс білдірді.
14-қабатта тұрамыз. Көк түтіннің иісін сездік. Терезелерді ашып, ешнәрсені түсінбедік. Кіреберіске көз жүгірткен сәтте, көк түтіннің өршіп келе жатқанын байқадық. Бөлмеде қалу қауіпті екенін түсініп, баспалдақтармен түсуді жөн көрдік. Көршілерімізге де жағдайды хабарлап, төменге түстік. Түтіннің әсері қатты болды. 6-7-қабатқа түсіп келе жатқанымызда, ТЖД қызметкерлерін көріп қалдық. Өрт сөндірушілерге алғыс білдіргім келеді. Себебі, олар балаларға және қарт адамдарға көмек көрсетті. Жеделдік танытты. Өздерінің істерін жылдам әрі қалыпты атқарды. Тек өрт сөндірушілердің көліктеріне көп қабатты тұрғын үйге кіру, адамдарды құтқару қиын болды. Осы ретте үй салушыларға өрт болған кезде көліктердің кіріп-шығуын ескерсе дегім келеді, - дейді Айгүл есімді қала тұрғыны.
Эльдар Исмаиловтың айтуынша, ол әріптестерімен бірге жұмысқа көлікпен келе жатып, түтінді көрген. Ер адамдар еш ойланбастан, көлікті тоқтатып, көмекке келген.
Үйге кірдік. Ол жерде дем алу мүмкін емес - қою түтін көз аштырмайды. Адамдар төменгі қабаттағы бір үйдің балконының әйнегін сындырып, кілем, матрастарды суырып алды. Алтыншы және жетінші қабаттағылар терезеден секіре бастады. Әйелдер балаларын лақтырып, өздері секірді. Абырой болғанда, төменде матрас жайып тұрғандар оларды қағып алып тұрды. Біраз уақыттан кейін кран келді. Біз кранмен жоғарыға көтеріліп, адамдарды тілсіз жаудың құрсауынан құтқаруға көмектестік, - дейді Исмаилов.
Еске салсақ, кеше сағат 17:10-да Алматы қаласы Алатау ауданының Ақкент ықшам ауданында тұрғын үй өртенді. Өрт сөндірушілер қызыл жалыннан 300 адам эвакуациялады, 70-ке жуық адам құтқарды. Алайда өрт кезінде бір әйел қайтыс болды. Ал 4 пациент балалар ауруханасының реанимациясына түскен. Бүгін қала әкімі қаза болған әйелдің отбасына көңіл айтты.