Алматыдағы өрт. Құрылыс компаниясы пәтерлерді жөндеп береді
«I-Housing» құрылыс компаниясының бас директоры «Ақкент» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оrda.kz мәлім еткендей, «I-Housing» құрылыс компаниясының бас директоры Қанат Ералиев пәтерлерді қалпына келтіру бойынша барлық шығынды өз мойнына алуға дайын екенін айтты.
Болған оқиғаға біз кінәлі емеспіз. Біз бұл үйді және оның артындағы тағы сегіз үйді 2017 жылы банкке жалға бердік. Дегенмен 2020 жылы ғана бұл үйлер басқа компанияның меншігіне өткен. Яғни, үш жыл бойы үйлерде ешкім тұрмаған. Ғимараттар кейіннен тұрғын үй басқармасына қайтарылды. Сондықтан болған оқиғаға біздің компанияның кінәсі жоқ. Өйткені бізден кейін үйлер қараусыз қалды. Бірақ біз пәтерлерді қалпына келтіру бойынша барлық шығынды өз мойнымызға алуға дайынбыз, - дейді Қанат Ералиев.
Еске салсақ, кеше сағат 17:10-да Алматы қаласы Алатау ауданының Ақкент ықшам ауданында тұрғын үй өртенді. Өрт сөндірушілер қызыл жалыннан 300 адам эвакуациялады, 70-ке жуық адам құтқарды. Алайда өрт кезінде бір әйел қайтыс болды. Ал 4 пациент балалар ауруханасының реанимациясына түскен. Бүгін қала әкімі қаза болған әйелдің отбасына көңіл айтты.