Алматыдағы фельдшерге қатысты дау: Жедел жәрдем қызметі мәлімдеме жасады
Жедел жәрдем қызметі фельдшерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізген.
Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі желідегі фельдшер пациентке тиісті деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаладағы Жедел медициналық жәрдем қызметінің мәліметінше, бұл жағдай бойынша ішкі қызметтік тексеріс жүргізілген. Тексеру қорытындысында желіде жарияланған мәліметтер расталмаған.
Тексеріс барысында медициналық қызметкердің рұқсат етілмеген әрекеттері туралы интернетте жарияланған ақпараты расталған жоқ, – деп мәлімдеді Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі.
Фельдшердің қызметтік түсіндірмесіне сәйкес, шақырту орнына барған кезде пациентке бекітілген медициналық хаттамаларға сай алғашқы көмек көрсетілген. Сондай-ақ әйелге ауруханаға жату ұсынылғанымен, ол бас тартқан.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, пациенттің шағымдарын және жүрек патологиясын жоққа шығару мақсатында медицина қызметкері электрокардиография (ЭКГ) жасаған. Тексеруден кейін науқасқа қатысты ақпарат тіркелген емханаға жолданған.
Сонымен қатар қызмет өкілдері пациенттің «әдепсіз мінез-құлқына» байланысты фельдшер 102 нөмірі арқылы полиция шақыруға және оқиға орнында арыз жазуға мәжбүр болғанын хабарлады.
Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарағаннан кейін медицина қызметкері өзінің ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді, – деп қосты жедел жәрдем қызметі.
Жедел медициналық жәрдем қызметі дерегінше, аталған фельдшер жедел жәрдем жүйесінде алты жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде оған қатысты пациенттерден шағым түспеген. Сондай-ақ оның отбасылы екені және кішкентай бала тәрбиелеп отырғаны айтылды.
Оқиға неден басталды?
Бұған дейін Алматы тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, 14 мамырға қараған түні жедел жәрдем қызметкері тарапынан қысым көргенін мәлімдеген болатын.
Қыздың айтуынша, түнгі сағат екі шамасында денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырған. Оның сөзінше, тексеру кезінде фельдшер медициналық тексеру жасаймын деп сылтауратып, интимді жерлерін ұстаған.
Сондай-ақ ол полиция шақыру үшін телефон алмақ болған кезде медицина қызметкері телефонын тартып алып, өзін пәтерде ұстап қалуға тырысқанын айтқан. Тұрғынның мәліметінше, көршілер айқай дыбысын естіп келгеннен кейін ғана жағдай тоқтаған.
Желіде тез тараған бұл жазба қоғамда қызу талқыланды. Кейін Алматы қалалық полиция департаменті Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеру бастағанын хабарлады.
Полиция өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада фельдшерді ұрған ер адам ұсталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Депутат Қазақстанда әскери фельдшерлер даярлауды ұсынды
Екібастұзда дәрігер мен медбикені ұрған 3 күдікті ұсталды
Астанада медицина қызметкеріне күш қолданған ер адам сотталды